"Зиратта, жанармай бекетінің жанында қондым": Алматыда зейнеткер алаяқтарға алданып, баспанасынан айырылды
Фото: Видеодан скрин
Алматыда 84 жастағы зейнеткер әйел алаяқтардың арбауына түсіп, баспанасынан айырылды. Пәтерінен айырылғаннан кейін ол саябақта, жанармай бекеттерінде, тіпті зиратта түнеп жүрген. Бір ай бұрын жанашыр жандар уақытша үй жалдап бергенімен, бүгінде ол жерден де шығару қаупі төніп тұр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Үш аптадан бері Анна Ногаева бір бөлмелі уақытша үйде тұрып жатыр. Су да, газ да жоқ, бірақ ең болмаса баспана бар. Қарапайым ғана болса да, үйдің ішінде жылы шуақ сезіледі. Зейнеткер мысық асырап алған.
"Жалғыз жүргеннен гөрі осы жақсы", – дейді ол.
Ұлы қайтыс болған, ал қызы мен немерелері сырт айналған. Енді оның жалғыз жұбанышы үйдегі кішкентай мысық. Бірақ уақытша баспанадан да қуып шығуы мүмкін. Үй иесі жалдау ақысын қымбаттатпақ.
"Қазір үй иесі "аз төлеп жатырсың" дейді. Әркімнің жағдайына қарайтыны рас қой, бірақ қолымнан келмейді. Бар болғаны 55 мың теңге ғана бердім, бұл аз екен. Мені білетін адамдар түсінер, осындай күйге түскенім үшін кінәламасын. Өйткені бір ай бойы далада түнеп жүрдім. Зиратта, жанармай бекетінің жанында қондым. Ешкімді мазаламайын деп солай істедім", – дейді зейнеткер Анна Ногаева.
Әйел алаяқтардың арбауына өткен жылдың сәуірінде түскенін айтады. Дүкеннен шығып келе жатқанда, көлікпен кездескен жастар оны үйіне дейін жеткізуді ұсынған. Машинада су ішкеннен кейін не болғанын есіне түсіре алмайды. Есін жиғанда, пәтерінің басқа біреудің атына өтіп кеткенін көрген. Бірақ полицияға шағымданбаған. Себебі оның әңгімесіне ешкім сенбепті.
"Маған қазір 85-ке келіп тұрмын. Осы жаста баспанасыз қалдым. Тағы да үстінен "өзі сатып жіберіп, ақшасын жұмсап қойған" деп айыптайды. Қайда жұмсаймын? Мен ішпейтін, шекпейтін адаммын. Бүкіл өмірімде тек қуанып, баршаға көмектесіп жүрдім", – дейді зейнеткер.
Айтуынша, қызы мен немерелері Ресейде тұрады, бірақ олармен араласпайды. Оның есесіне, көршілері жиі көмектесіп тұрады. Жақында қарияны қарттар үйіне орналастыру жайы көтерілгенімен, ол жерден "құжаттары түспеді" деген себеппен қабылдамаған.
"Шаңырақ" әлеуметтік қызмет көрсету орталығының мәліметінше, Анна Ногаеваның атына ешқандай құжат түспеген. Сондай-ақ зейнеткерден орталыққа ауызша немесе жазбаша өтініш келіп түспеген. Азаматтарды жеке қабылдау журналына сәйкес, Ногаеваға қатысты жазба жоқ.
Зейнеткерге уақытша баспананы паналауға бір аптадай ғана уақыт қалды.
Одан кейін зейнеткер тағы да баспанасыз қалады. Қайда барарын өзі де білмейді.
Қазақстанда банк қызметкерлері адамдарды ұрлап, оларға 3,7 миллиард теңге несие рәсімдеген
Еске салайық, бұған дейін Алматыда белгілі профессор Кәкен Хамзиннің алаяқтарға алданып, жалғыз баспанасынан айырылғаны хабарланған. Қартайған шағында қиындыққа тап болған ұстаз үйін қайтарып алу үшін жұрттан көмек сұрауға мәжбүр болып, шілде айының басынан бері "жылу" жинаған еді.

"Суды артық пайдаланса, тариф 30% қымбаттайды": Қазақстандықтар су нормасы туралы жаңа ережеге қарсы шықты
