Жұмыста туған күн тойлаған қазақстандықтар енді айыппұл төлейді
Ішкі істер министрлігі әріптестерімен жұмыс орнында туған күнін немесе қызмет бойынша жоғарылатуды атап өткенде дастарханға алкоголь қойса, қазақстандықтар айыппұл төлейді немесе әкімшілік қамауға алынатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ІІМ әлеуметтік желідегі парақшасынан
Қазақстанда алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарда мас болу әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады. Ал қазақстандықтар жұмыс істейтін ұйымдар мен кәсіпорындардың көбі – қоғамдық орындар.
ІІМ берген ақпаратқа сәйкес, қоғамдық орындарға білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары, кітапханалар мен мұражайлар, мемлекеттік органдардың мекемелері жататынын айтты.
Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабына сәйкес, "алкогольдік ішімдікті сатуға рұқсат етілген сауда және қоғамдық тамақтандыру ұйымдарынан басқа жерлерде: көшеде және басқа да қоғамдық орындарда ішсе немесе мас болса, оған бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады" (2024 жылы 18 460 теңге).
Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады (2024 жылы 36 920 теңге) немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынады.
"Осы бап бойынша әкімшілік іс қозғау үшін жеке немесе заңды тұлғаның өтініші талап етілмейді", – деп нақтылады ІІМ.
Полиция қызметкерлері қоғамдық жерде алкогольдік ішімдіктер ішкен және мас болған адамға қатысты хаттама толтыра алады.
Бұған дейін Қостанайлық кәсіпкер қызметкері тырнағын жарақаттап алғаны үшін 400 мың теңгеге жуық айыппұл төлегенін жазған едік.