Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жұмыссыздар мен мүгедектігі бар адамдардың атына автонесиелер рәсімдеген қылмыстық топ мүшелері қамауға алынды

Ойыншық көлік және калькуляторФото: freepik.com

Бас прокуратура жұмыссыздар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар атына автонесиелер рәсімдеген қылмыстық топ әшкереленгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қылмыстық топ әрекетінен 65 адам зардап шеккен.

"Тергеу барысында қаскүнемдер азаматтарды көндіру арқылы екінші деңгейлі банктер арқылы жоқ автокөліктерге заңсыз автонесиелер рәсімдегені анықталды. Олардың әрекетінен 65 адам зардап шеккен, келтірілген залалдың жалпы сомасы 250 млн теңгеден асты", – делінген прокуратура хабарламасында.

Күдіктілер алынған қаражатты жеке мақсаттарына жұмсаған. Қылмыстық топтың әрекеттерінің салдарынан жәбірленушілер кредиттік міндеттемелер бойынша қарыз болып қалған.

"Кінәлі адамдарға қатысты Қылмыстық кодекстің ұйымдасқан топты, қылмыстық ұйымды құру және басқару, сол сияқты оларға қатысу және алаяқтық баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, күдіктілер қамауға алынды", – деп мәлімдеді қадағалаушы орган өкілдері.

Іс сотқа жолданды.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 15 Шілде, 2025 16:53
Талқылау