“Жұмыссыз қаламыз”: Түркістан облысында жедел жәрдем қызметкерлері министрліктің қаулысына қарсы шықты

Түркістан облысында жедел жәрдем қызметкерлері министрліктің қаулысына қарсы. Өйткені ереже күшіне енгесін дәрігерлер далада қалайын деп тұр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Осылай деп шырылдаған сарыағаштық фельдшерлер жауаптылардың жұмыс ұсынғанын жасырмайды. Бірақ онда жалақы екі есе кеміп, артылған міндет екі есе көбеймек. Оның өзінде тек келісімшартпен қызмет ету қарастырылған. Ал жедел жәрдем жүргізушілеріне тіпті электрик не сантехника маманы болудан басқа амал жоқ депті.
Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа қаулысын естігелі Сарыағаштың фельдшерлерінен маза кеткен. Өйткені нәпақа тауып жүрген 4-санаттағы жедел жәрдем шақыртуына енді орталық ауруханадағы әріптестері барады. Ал емханаға қарасты мекемеде 12 маман қалып, қалғанына мейірбике міндетін арқалатып, ауруханаға ауыстырмақ.
"Келісімшартпен тұратын жұмыстар беріп жатыр. Бір жылдан кейін сіздің келісім шартыңыз бітті десе, біз қайда барамыз? Бір сөзбен айтқанда уақытша бізді тарқатып, ауруханаға орналастырған күннің өзінде бір жыл істетіп, бір жылдан кейін 103 қалып, мобильді топ шашылсын десе осынша адам қайда барады?” – дейді Гүлбану Мамадалиева.
Жедел жәрдем жүргізушілерінің де жағдайы қиын. Сарыағаштың орталық ауруханасы оларға сантехник не электрик маманы болуды ұсыныпты. Бұқара бұған қарсы.
"Ондай жұмыс істемегенбіз. Қайтіп электрик маманы боламыз? Электрик болып, тоққа түсіп өліп қалсақ не болады? Жоғарыдағылар оны ақылдаспады. Халықпен ақылдаспай өздері шешіп жатыр оны. Мен қарсымын негізі. Қаншама несиеміз бар. Бала-шағаны бағу керек қой. Ішіп-жеміміз бар. Беріп жатқан 200 мың айлықты зорға жеткізіп жатырмыз. Мынаны ертең бөлсе тіпті құримыз”, – дейді Ғани Тағаев.
Министрлік қаулысынан соң қазір алып отырған айлықты да ала алмаймыз дейді мамандар.
"Біздегі 103-ке ауыстырып беруді сұрап жатыр. Сол бойынша хат жазылды ғой. Сол хатқа жауапты күтіп отырмыз. Жұмысшыларға ғана орын бар. Соған аламыз. Алайда айлықтары азаяды”, – дейді Сарыағаш аудандық орталық ауруханасының бас дәрігер орынбасары Гауһар Низамова.
Еске салайық, денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдем қызметін жылдамдату үшін жаңа қаулы шығарған еді. 1 мамырдан бастап дәрігер шақырған 4-санаттағы науқастарға емханаға қарасты жедел жәрдем қызметкерлері емес 103 мамандары келеді.
"Мәйітін алып келуге 2 апта кетеді": Вьетнамға қызымен демалуға барған қазақстандық әйел көз жұмды