Жұмысшыларға арналған жеңілдетілген ипотека іске қосылса, жылжымайтын мүлік қымбаттайды – Сарапшылар
Жұмысшыларға арналған жеңілдетілген ипотека іске қосылса, жылжымайтын мүлік қымбаттамақ. Сарапшылардың айтуынша, оның қаншалықты қымбаттайтыны бағдарламаның шартына байланысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Рixabay.com
Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының мәліметінше, жаңа ипотекалық бағдарламаның бастапқы жарна мөлшері 5-10%-ға дейін болуы керек. Ал жылдық мөлшерлемесі 5-7% деп белгіленді. Мұндай талаптар өте қолайлы дейді сарапшылар. Бірақ несиенің талаптары қаншалықты жеңілдетілген болса, соншалықты баспана бағасының өсуіне әсер етеді.
“Біздің нарық түрлі ипотекалық бағдарламаларға қарай өзгеріп отырады. БЖЗҚ-дағы ақшаға тұрғын үй сатып алуға рұқсат етілгенде не болды? 7-20-25, Баспана секілді бұрынғы бағдарламалар іске қосылғанда ше? Осыдан кейін міндеті түрде бағасы өседі”, – дейді сарапшы Анна Шацкая.
Өткен жылдың соңында болған алып-сатуға қатысты дүрбелеңнен кейін тұрғын үй бағасы айтарлықтай қымбаттады. Десе де қыбматшылыққа қарамастан ипотека төлеуге жұмысшы мамандардың жағдайы жетіп тұр дейді риэлтор Перизет Ахметова. Айтуынша, 2024 жылы оның көмегіне мыңнан астам жұмысшы мамандары жүгінген.
“Олар ипотеканы төлей алады. Бірақ қазір олардың өз баспанасы болмағандықтан ақшасының бір бөлігі жалға алған пәтерді төлеуге кетеді. Күнделікті шығын тағы бар. Сәйкесінше, алғашқы жарнаны төлеу үшін жинайтын ақшасы жоқ. Егер жұмысшыларға бағдарлама жұмысшы мамандарына қолайлы болса, олар ақша жинай алатын еді”, – дейді Перизат Ахметова.
Өткен жылы Қазақстанда 18 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған. Министрліктің мәліметінше, биыл бұл көрсеткішті 19 миллионға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.