Жұмыс пен күнделікті өмірде жүгінеді: Қазақстандықтардың жасанды интеллектті пайдалануға қызығушылығы артқан
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ел арасында жасанды интеллектті қолдану туралы сауалнаманың нәтижесін жариялады. Белгілі болғандай, соңғы кезде қазақстандықтар жұмыста да, күнделікті өмірде де жасанды интеллект көмегіне жиі жүгінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Министрліктің мәліметінше, сауалнама 3-9 наурыз аралығында eGov mobile мобильді қосымшасында жүргізілген.
“Апталық сауалнамаға Қазақстанның барлық өңірлерінен 53 мыңнан астам азамат қатысып, нәтижелер халықтың тек ЖИ қолдануды ғана емес, сондай-ақ жаңа технологияларды үйренуге деген қызығушылығын көрсетті.
Респонденттердің 79%-ы ЖИ-мен жұмыс істеу дағдыларын меңгеруге ниетті екенін білдіріп, бұл құралдың болашақтағы маңызды рөлін түсінетіндігін айтты. Сонымен қатар, 65% респонденттер күнделікті өмірде жасанды интеллектіні қолданса, қалған 35% оны кәсіби қызметте пайдаланады”, – делінген хабарламада.
Министрліктің “ЖИ күнделікті тапсырмаларды алмастыра ала ма” деген сұрағына 47% қатысушы адам әлі де бақылау керек деп жауап берген.
“Тағы 29%-ы жұмыс орындарының қысқаруы туралы алаңдаушылық білдірсе, 22%-ы технологиялар адамдарға күрделі тапсырмаларға назар аударуға мүмкіндік беретіндігіне сенімді. Сауалнама азаматтардың цифрлық сауаттылығын да анықтады. Респонденттердің тек 22%-ы ЖИ-ді жақсы меңгерсе, 43%-ы оған жалпы мағлұматқа ие. Бірақ оны сирек қолданады, ал 34%-ы бұл технология туралы ештеңе білмейді”, – деді ведомство.
Министрлік ең белсенді дауыс бергендер 30 бен 45 жас аралығындағы азаматтар екенін алға тартты. Олар сауалнамаға қатысушылардың 48%-ын құраған.