Жұмыс істеуге кетіп, із-түссіз жоғалған Шымкент тұрғыны Венгрияда 3 жылға сотталды
Еуропаға жұмыс істеуге кетіп, із-түзсіз жоғалған Шымкент тұрғынына қатысы сот үкімі шықты. Венгрия соты 27 жастағы Қанатбек Өтебекті 3 жыл 3 айға бас бостандығынан айырды. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, ер адам туристік визамен мигранттарды заңсыз тасыған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Aibat жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Екі баланың әкесі жұмыс істеу үшін 2022 жылдың шілдесінде Чехияға аттанған. Алайда 10 күннен соң байланысқа шықпай, кейін оның түрмеде отырғаны белгілі болды.
"Сексард қаласының соты оны араб мемлекеттерінен келген жет мигрантты Венгр-Сербия шекарасынан заңсыз өткізгені үшін кінәлі деп таныды. Сот бұл азаматты 3 жыл 3 айға бас бостандығынан айырды. Аппеляциялық шағым түсірілді", - деді сыртқы істер министрінің орынбасары Әділ Тұрсынов.
Еске салайық, бұған дейін Венгрияда 27 жастағы Қазақстан азаматының белгісіз жағдайда жоғалып кеткені жайлы хабарлаған едік. Соңғы рет оны туыстары Instagram желісінде тікелей эфирге шыққанда көрген. Кейін Роза Өтебек інісінің түрмеде екенін және 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін мәлімдеді.
"Әзірбайжандық әйел қоңырау шалып, Қанатбектің абақтыда екенін айтты. Жақында соты болады деді. Оның бұрын істі болмағаны туралы анықтама жинау керегін айтты. Олардың заңын білмейміз, 10 жылға сотталып кете ме деп қорқамыз. Кейін елшілікпен тағы байланысқа шығып, түрменің мекенжайын жібердік. Елшілік өкілдері Қанатбектің расымен түрмеде екенін және үстінен шетелдіктерді заңсыз тасымалдағаны үшін іс қозғалғанын растады. Мән-жайын нақты білмейміз. Ешкім ештеңе айтпайды. Елшілікте бізге адвокат жалдау керегін ғана айтты. Байланыс нөмірін жібереміз деген, бірақ 10 күн өтті", – деді Роза Өтебек.
Ал сыртқы істер министрлігінің өкілдері Қанатбек Өтебектің қандай жұмысқа бара жатқанын алдын ала білгенін айтқан.