Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жұмыс істеу үшін Ресейге кеткен Түркістан облысының тұрғыны үш айдан бері табылмай жатыр

Ресейге жұмыс істеу үшін кеткен Түркістан облысының тұрғыны үш айдан бері табылмай жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Stan.kz

Байланысқа шықпаған баласын іздеген ата-анасы Сүндет Пернебектің соңғы рет “дұғада болыңдар” деп хабарлама жазғанын айтады. 26 жастағы жігіт содан бері із-түзсіз жоғалған. Жақындары полиция мен сыртқы істер министрлігіне де арызданған. Алайда, ешқайсысынан мардымды жауап алмадық дейді.

“Ресейдің Мәскеу деген жеріне жақын жердеміз мама” деді. 6 ай жақсы сөйлесіп жүрдік. Күнара, екі күнде бір. Үш ай алдын жазбаша қылып, мама мен сеть жоқ жаққа кетіп жатырмын. Уайымдамаңыздар. Дұғада болыңыздар деп соңғы сөзі сол болды. 13 қаңтар күні. Ресейге ақша табам мама. Сіздің кредитіңізді жабам. Үйленетін ақшамды әкелемін. Сондай ақша жағынан кетті ғой жұмыс істеймін деп", – дейді Сүндет Пернебектің анасы Айнұр Тасболатова. 

Жас жігітке Ресейге баруға кімнің кеңес беріп, кімнің жол көрсеткені де белгісіз. Ұлдарының аңғал екенін айтқан Айнұр Тасболатова алаяқтың құрығына түсті ме деп қорқады.

"Бір жерде жұмыс істеп жатып, телефонын, паспортын алып қойды ма деп ойлаймын. Немесе соғысқа алып кетіп қалды ма білмеймін енді. Сондай күдігім бар. Неге үш айдан бері хабарласпайды?”, – дейді анасы. 

Перзентінің дауысын естіп, жүзін көруден күдер үзбеген Келес ауданының тұрғыны Ресейдегі елшілік пен түркістандық полицияға да арызданғанын айтады. Алайда әзірге ешқандай жауап келмеген.

"Азаматтың жоғалуына байланысты 2025 жылғы 18 ақпанда ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресей СІМ-не тиісті сауал жолдады. Сондай-ақ, 13 наурызда ҚР Ішкі істер министрлігі Ресей ІІМ-не оны іздестіріп, Қазақстанға қайтару жөнінде ресми сұрау салды. Елшілік аталған мәселені бақылауға алып, жоғалған азаматтың туыстарымен тұрақты байланыста екенін хабарлаймыз", – делінген ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында. 

Еліміздің еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі болса, былтырдан бері 12 мың отандасымыз шет елге кеткенін айтады. Олардың басым бөлігі жұмыс істеп, білім алып, емделуге жол тартқандар. Ал, Қазақстанға келген миграттар қатары 30 мыңнан асады.

Талқылау