Жұманғарин қателесті: Министрдің тұрғындар жоғары жәрдемақы алу үшін Алматы мен Астанаға көшеді деген мәлімдемесін тексердік
Бірер апта бұрын Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қазақстандықтар көбірек жеңілдік пен жәрдемақы алу үшін Астана мен Алматыға көшетінін мәлімдеген еді. Осы ретте Stan.kz ақпарат агенттігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жүгініп, министр айтқан ақпараттың анық-қанығын білді. Еңбек министрлігі бізге берген жауабында Жұманғариннің сөзін жоққа шығарды.
Коллаж: Stan.kz
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин YouTube-тегі Taldau Talks подкастында қазақстандықтар көбірек жеңілдік пен жәрдемақы алу үшін Астана мен Алматыға көшетінін айтты.
"Бізде әр өңір азаматтарына жасалатын әлеуметтік төлемдердің саны, түрлері және мөлшері бойынша айтарлықтай айырмашылық бар. Қызығы, бұл ел ішіндегі көші-қонның басты себептерінің бірі. Мысалы Алматы облысының тұрғыны болғанға қарағанда, алматылық болған әлдеқайда тиімді. Өйткені бірдей қызметтер үшін көбірек төлем аласың. Астаналық болу да өте тиімді", – деді министр Серік Жұманғарин.
Stan.kz "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ-ға сауал жіберіп, қордан төленетін төлемақылардың мөлшерін анықтады. Мекеме ана мен балаға қатысты қордан тағайындалатын жәрдемақылардың мөлшері әрбір төлем алушының табысына байланысты екенін хабарлады.
"Қордан жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты кірісінен айырылуы жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындалады. Төлем мөлшерін айқындау кезінде соңғы 12 айдағы Қорға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кіріс және еңбекке жарамсыздық күндерінің санын 30 күнге бөлу жолымен анықталатын еңбекке жарамсыздық күндерінің коэффициенті есепке алынады. Осыған орай, аталған төлем мөлшері әрбір төлем алушының табысына байланысты тағайындалады", – деп жауап берді МӘСҚ.
Ал бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайына ай сайынғы әлеуметтік төлем мөлшері кейінгі 2 жылдағы орташа айлық кірістің 40%-ына тең.
“Қазақстанның Әлеуметтік кодексіне сай, бұл төлемнің мөлшері бала туу кезегіне қарай белгіленген бала күтіміне байланысты жәрдемақының мөлшерінен кем болмайды және төлемге құқық туындаған күнге республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен жалақының 7 еселенген мөлшерінің 40%-ынан аспауға тиіс. Бұл төлемнің мөлшері де әрбір төлем алушының табысына байланысты тағайындалады. Қордан тағайындалатын әлеуметтік төлемдердің мөлшері әрбір өтініш берушіге жеке айқындалады”, – деп қосты қор.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бізге берген жауабындағы ақпарат бойынша, асырап алған, қорғаншылыққа алған балалары бар отбасыларға республикалық бюджеттен бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақыда өңірлер бойынша айырмашылық жоқ. Ал жұмыс істемейтін азаматтар үшін республикалық бюджеттен бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Бұл жәрдемақының да өңірлерге байланысты айырмашылығы жоқ.
Ал көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақы мөлшері мен "Күміс алқа", "Алтын алқа", алқасымен наградталған, "Батыр Ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған аналарға берілетін жәрдемақылардың да мөлшерінде өңірге байланысты айырмашылық жоқ.
МӘСҚ төлейтін төлемдер әр адамның жалақысына қарай өзгеретінін білдік. Ал еңбек министрлігінен төленетін жәрдемақылар табыс пен түсімге тәуелді емес. Бүкіл республика бойынша нақты белгіленген сома бар. Министрліктің жауабына сенсек, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтқан мәлімдемесін жалған деуге болады. Себебі Алматы мен Астанада тұрғындар басқа өңірлерге қарағанда көбірек жәрдемақы алмайды. Бала тууға қатысты берілетін жәрдемақылар алушының табысына байланысты болғанымен, көпбалалы отбасылар мен наградталған аналарға берілетін жәрдемақының көлемі барлық өңірде бірдей.
2025 жылғы 1 ақпандағы жағдайға сай, бала туғанда берілетін жәрдемақыны Алматыда 3214 адам, Астанада 2780 адам алады. Ал бала күтіміне байланысты жәрдемақыны Алматыда 8 778 адам, ал Астанада 6843 адам алады. Көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақыны Алматыда 35 863 адам, ал Астанада 35 453 тұрғын алады. Наградталған анаға берілетін жәрдемақы алушылар саны – Алматыда 6116 адам, Астанада 7261 тұрғын. Өзге өңірлердегі жәрдемақы алатын тұрғындар саны келесідей:
Инфографика: Stan.kz