Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Журналист Данияр Әділбеков 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды

Астананың Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты журналист Данияр Әділбековті жалған ақпарат таратқаны үшін, 4,5 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Kozachkov Telegram арнасы

Сот "Дикая Орда" анонимді Telegram-арнасының авторы Әділбеков Данияр және оның сыбайласы Ерлан Саудегеровке қатысты шешім қабылдады.

"Сот Әділбеков Даниярға көрінеу жалған сөз жеткізгені, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, азаматтардың құқықтарына елеулі зиян келтіруге себеп болған жалған ақпарат таратқаны үшін 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырды. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығын негізге ала отырып, онша ауыр емес жазаны неғұрлым қатаң жазамен алмастырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өтейді. Сот екінші сотталушы Ерлан Саудегеров ақпаратты журналиске бергені үшін пробациялық бақылау орната отырып, 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", – делінген сот шешімінде.

Сот шешімінде Әділбеков пен Саудагеровтің кәмелетке толмаған балалардың болуын жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді. Алайда, олардың алдын ала сөз байласу арқылы жасаған қылмыстары ауырлататын жағдай ретінде бағаланды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сот жәбірленуші Ерғалиеваның азаматтық талап арызын ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдады.

"Әділбековтен Ерғалиеваның пайдасына 500 мың теңге моральдық шығын және 1,7 миллион теңге өкілдік шығындар,  1846 теңге көлемінде мемлекеттік баж салығы өндірілсін. Сотталушының азаматтық талап бойынша үкімді өз еркімен орындау мерзімі – үкім заңды күшіне енгеннен кейін 3 тәулік ішінде белгілесін. Сот үкімі ерікті түрде орындау мерзімі өткеннен кейін мәжбүрлеп орындауға жатады. Ерғалиеваның 14,79 миллион теңге материалдық шығын өндіру туралы азаматтық талап арызын қанағаттандырудан бас тартылсын", – деді судья.



Сонымен қатар, ол мемлекетке сараптама жүргізу үшін іс бойынша процессуалдық шығындарды өндіру туралы шешім қабылдады. Әділбековтен 123 232 теңге, Саудегеровтен 841 теңге. Әділбеков пен Сәудегеровтен жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына әрқайсысынан 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде мәжбүрлі төлем өндіріледі.

Іс "Дикая Орда" анонимді Telegram-арнасында энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов жетекшілік ететін мұнай өнімдерін жеткізу туралы жарияланымға байланысты ашылды. Әділбековке сондай-ақ Telegram-арнада елорда әуежайының басқарма төрағасы Юсуф Рашед Альжаудер мен "Ел медиа" басылымының бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваға қатысты жарияланымдарға байланысты әдейі жалған ақпарат таратқаны үшін айып тағылуда.

Сәуір айында Астана полиция департаменті Данияр Әділбековтің ұсталғанын растады. Оның үстінен көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды. Кейін бұл іс "адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптап, көрінеу жалған айыптау" ретінде қайта сараланды. Бұл бап сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады.

Талқылау