Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру ережесі өзгермек

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында Ішкі істер министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру ережелерінде болатын өзгерістер туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Egov.kz

Мәжіліс отырысында депутат Екатерина Смышляева жүргізуші куәлігін алуға емтихан тапсыру рәсімі туралы мәселені көтерді. Оның айтуынша, өңірлерде қазақстандықтар құжат алу, теориялық және практикалық емтихандарды тапсыру үшін жүздеген шақырымға баруға мәжбүр.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиев қазір емтихандарды өткізуге жүктемені азайтуға көмектесетін онлайн-брондау құралы қосымша енгізілетінін айтты. 

"Бүгінде прокторингті қолдана отырып, онлайн-тестілеуді енгізу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Мұндай механизмдер дамыған елдерде қолданылады. Атап айтсам: АҚШ, Ұлыбритания, Австралия. Мәселе өте кұрделі. Теориялық бөлікке қатысты өте мұқият зерттеуді қажет етеді. Практикалық бөлім бойынша IT компаниялармен бірігіп емтихан тапсыруды жүзеге асыратын computer vision деп аталатын компьютерлік көрудің тиісті алгоритмдерін енгізу нұсқаларын қарастырамыз", – деді Жасұлан Мәдиев.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев аудандық мамандандырылған ХҚКО-ларда емтихан тапсыру кезінде проблемалар бар екенін айтты. Ол 2019 жылдан бастап осы функциялардың барлығы Мемлекеттік корпорацияға тапсырылып, аудандық емтихан қабылдау бөлімшелерінің қысқарғанын жеткізді.

Қазақстанда көлік жүргізу құқығын алмас бұрын, үміткерлер арнайы оқу орындары ұсынатын теориялық және практикалық дайындықтан өтуі керек. Оқу курсынан өткеннен кейін олар куәлік алады, бірақ ол жол қозғалысына қатысуға құқық бермейді. Жүргізуші куәлігі теориялық емтиханды және автодромда практикалық жүргізу емтиханын сәтті тапсырғаннан кейін ғана беріледі. Әр үміткердің емтиханды 3 ретке дейін тапсыру мүмкіндігі бар. Үш сәтсіздіктен соң кандидат келесі тапсыруға соңғы емтихан өткізілген күннен бастап алты айдан соң жіберіледі.

Талқылау