Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жүрегі тоқтап қалған: Петропавлда терезе жуып жүріп, төртінші қабаттан құлап кеткен әйел аман қалды

Терезе жуып жүріп, төртінші қабаттан құлап кеткенФото: depositphotos.com

Петропавлда әйел терезе жуып жүріп, төртінші қабаттан құлап кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Петропавловск.news басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға биыл сәуір айында болған. 41 жастағы әйел терезе жуып жатқан кезде төртінші қабаттан құлап кеткен. Әйел ауыр жарақат алып, жүрегі тоқтап қалғанына қарамастан, аман қалды. Дәрігерлер оған бес рет ота жасаған, қазір денсаулығы біртіндеп жақсарып келеді. 

Дәрігерлердің айтуынша, әйел өте ауыр жағдайда бірден жансақтау бөліміне жеткізілген. Ауруханаға түскен алғашқы сағаттарда науқастың жүрегі тоқтап қалған. Жансақтау бөліміне жатқызылғаннан кейін алтыншы минутта әйелдің жүрегі қайта соға бастаған. 

Әйел жансақтау бөлімінде 24 күн бойы өкпені жасанды желдету аппаратына қосулы күйде жатқан. Оған ауыр бас-ми жарақаты, ми соққысы, бас сүйегінің негізінің, екі жақтағы жақ сүйектері, иық, кеуде омыртқасы, жамбас және екі ортан жіліктің сынуы, ашық жамбас сынуы, өкпенің соғылуы, дабыл жарғағының жарылуы, жарақаттық шок пен тыныс жетіспеушілігі диагнозы қойылған.

Алғашқы ауруханаға жатқызу кезінде науқасқа үш күрделі ота жасалды. Бір айдан кейін әйел қайтадан ауруханаға түсіп, тағы екі ота жасалған.

Қазір науқас травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер оның сол жақ сан сүйегінен Хоффман сыртқы бекіткіш құрылғысын жоспарлы түрде алып тастады. Әйелдің жағдайы орташа ауыр деп бағалануда.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 21 Шілде, 2025 21:19
Талқылау