Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Халықтың жа­­йын кім ойлайды: Журналист Жансейіт Түймебаевқа сауал жолдады

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевқа журналистік сауал.

Құрметті Жансейіт Қан­сейіт­ұлы! Біз Сіздің облыс басшысы ретінде ақпарат құралдарын мұқият бақылап, елдің көкей­тесті мәсе­лелеріне құлақ түріп, проблемаларды шешу бойын­ша өз командаңызбен бірге тиісті жұмыстар жүр­гізіп отырғаныңызға шүбә келтір­мейміз. Бірақ мына мәселе бойынша ауданнан шығып, облыстық деңгейде, одан республикалық БАҚ беттерінде жа­рық көріп, былықтардың беті ашылып жат­са да қарапа­йым халықтың жанайқа­йына қарай әрекет еткен бірде-бір басшы жоқ.

Мәселе Сарыағаш ауданындағы №73 мектеп-гимназиясының директоры У.Қожагелдиева жайлы болып отыр. У.Қожагелдиеваның мектепті «өз жекеменшік әкесінің үйін­дей», мұғалімдерді «сатып ал­ған құлындай» көретіні, 26 жыл директор болған мер­зімде елге көрсетпегені қалмағаны облыста аңызға айналғалы да біраз болған. Жергілікті тиісті ба­­қы­лаушы органдармен ауыз жаласу арқылы бұл директор өзін заңнан жоғары қойғаны соншалық, қол астындағыларға «қайда барсаң он­да бар, ме­нің крышам анау–мынаулар (облыс әкім­дігіндегі лауа­зым­ды адамдар) дегенді ашық айтып», көте­рілген кез келген мәселені ауызбастырықпен басып жібе­рудің шеберіне айналған. Қар­сы шыққан мұғалімдерді ауылдың бұзықтарына ұрғызып, автокөлігін өртетіп жібе­руінің өзі-ақ білім мекемесі басшысының деңгейін көрсетіп тұр­ған жоқ па?

Ал мектепке кадр қабылдау мен оларды шығарудағы амал-айлалары туралы жақында ғана «КТК» телеарнасынан көрсетілді. Қожагелдиевадан  зәбір көрген бір топ мұғалімдер жұмыстан айырылып, бала-шағасымен шулап далада жүр. Оларды қорғайды деген мемлекеттік мекемелер қарапайым мұ­ғалімнің сөзін сөйлегеннен гөрі директормен тікелей жұ­мыс істеуге құмарлық танытуда. Қожагелдиеваға қа­тыс­ты ашылған іс орта жолда дәлелді-дәлелсіз жабылып қалады. Жазылған арыз жоғарыдағы «крышалардың» қоңырауынан кейін оның пайдасына қарай ойыса бас­тайды. Тексеру қорытындысымен кемшіліктер анықталып, жұмыстан кетеді деген кезде «ауызша ескертумен» шекте­леді.

Бұл қалай? Халықтың жа­­йын кім ойлайды? Бұл халық Сізден басқа кімге барып, әділдік іздейді?

Жақында өзіңіз өткізген облыс активінде Сарыағаш ау­д­анының әкімі Қайрат Әбдуәлиевтен осы мәселе бойынша сұрағаныңызда мек­­теп директоры мен орынбасары жұмыстан шығарылды деп жауап бергенінен журналистер қауымы хабардар. Бірақ аталған директор мен орынбасар оған дейін де, одан кейін де жылы орындарында әлі отыр. Отыру былай тұрсын, шындық іздеп шырылдап, өз құ­қық­тарын қор­ғауға тырысқан мұға­лім­дерді одан ары жұ­мыс­­тан ығыстырып, ақы­сын алып қалудың қызығына шындап түс­кен. Атап айтсақ, 25.11.2017 жылы оқу ісінің мең­герушісі А.Тұрбекованы ешқандай себепсіз-дәлелсіз, заңсыз, тізеге салып, белден басып отырып, жұмыстан шығарып жіберіп отыр. Осы заңсыздықты көріп-біліп отырған білім бөлімі, аудан әкімдігі бұған саналы түрде көзін жұма қарауы халықтың көңі­ліне қатты келуде.

Облыс әкімін алдап, бір мектеп директорына қарапа­йым мұғалімдерді талатуға ерік беріп отырған аудан әкімін қалай түсінуге болады? Қ.Әбдуәлиев мырза директордың кетпей қалуын «қылмыстық іс қозғалуына байланысты» деп түсіндіреді дейді. Ал бізде ол қылмыстық істің қысқартылып кет­кендігі туралы тиісті органның «қаулысы» бар. Ол туралы Қожагелдиеваның өзі де «қандай жолдармен» қысқартылғанын жыр қылып, мақ­танып айтып жүр­генге ұқсайды.

Ал орынбасары ше? Оның өз орнын сақтап қа­луы қай қисынға келіп тұр екен аудан әкіміне? Білім бөліміндегі әдістемелік кабинет мең­герушісі Т.Ахметовтың У.Қожагелдиеваға қарсы шыққандарды түн ішінде үйінен алып шығып, қорқытып-үркітіп, қу­да­лау­шы-жазалаушы рольде жүргендігі «КТК»-дан айтылса да ол орнынан кетпей, аудан әкіміне қай жағынан қолайлы болып тұр?

Аудан әкімі Қ.Әбдуә­лиевтің бүкіл аудан белсен­ділерінің сөзін тыңдамастан білім бөліміне Б.Майрихов деген шала сауатты, тарихы былықтан арыл­маған лайықсыз адамды тағайындап жіберуі де әлеуметтік желілерде қалай талқыланса, аудан өмірінде де дәл солай нара­зы­лыққа ұшырау­да. Бұл жергілікті халық арасында «әкім өз елі болмағасын нем­құрайдылыққа салынып, біз­дің балаларымыздың болашағымен ойын ойнап отыр­ға­нының белгісі» ретінде қаралуда.

Құрметті Жансейіт Қан­сейіт­­ұлы! Менің журна­листік сауалым сарыағаштық мұға­лім­­дердің шегіне жеткен ашу-ызасынан туындап отыр­­ғанын айтқым келеді. Мына масқа­рагершілік ары қарай жалғаса беретін болса, У.Қожагелдиеваның арқасында Сарыағаш ауданының бір топ мұ­ғалімдері ашық наразылыққа шығамыз деп шешіп отыр. Бұл мәселе республикалық БАҚ өкіл­дерінің назарында болуы да ойланатын жағдай. Елі­міздің білім саласын басқар­ған адам ретінде ұстаздар Сіз­ден көмек күтеді.

Өңіріміздегі қоғамдық тыныштық пен облысымыздың абыройы бәрімізге ортақ екен­дігін айта келіп, шырғалаңға айналған шұбалаң тірлікке Сіз­дің тарапыңыздан әділ шешім шы­ға­рылып, нүк­тесі қо­йылады деген ни­ет­­пен жа­уап кү­ту­ші: «Зияткер ON» га­зе­тінің редакторы Малика Абдалиева.

Замана редакциясынан: Біз облыс әкіміне жолданып отырған журналистік сауалды қаз-қалпында жариялап отырмыз. Бұл сауалда келтірілген мәселелердің ақ-қарасын анықтау – сауал жолданған адамдардың құзырындағы іс. Ендеше біз ендігі кезекте сол кісілерден жауап күтеміз.

Тағы да оқыңыз:

Алматылықтар Шымұлақтың қымбаттауына қарсы байкот жариялады

Алматы облысында апатқа ұшыраған автобус жолаушылары оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Елбасы «Қазақстанның 100 жаңа есімі»  жобасының жеңімпазына басшылық қызмет ұсынды

Талқылау