Жүктілік және босану бойынша төлемін ала алмаған қазақстандық әйел сақтандыру қорын сотта жеңіп шықты

Маңғыстаулық әйел жарты жыл бойы жүктілік және босану бойынша төлемін ала алмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әйелдің арызы бойынша іс Маңғыстау облысының арнайы ауданаралық әкімшілік сотында қаралды. Сот отырысына жауапкер ретінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры қатысты.
Іс материалдарына сәйкес, әйел 2024 жылдың 1 желтоқсанында жеке кәсіпкерге аспаз болып орналасқан. 2025 жылдың 3 маусымынан бастап, уақытша еңбекке жарамсыздық парағына сәйкес, ол жүктілік және босану бойынша демалысқа шыққан.
Әйел 2025 жылдың 19 маусымында әлеуметтік төлем алу үшін қорға құжат тапсырды. Алайда 2025 жылдың 5 тамызында төлем берілмейтіні туралы жауап келген. Бас тартудың себебі ретінде еңбек қатынастарының әлеуметтік аударымдар арқылы расталмағаны көрсетілген.
Әйел бұл шешімге келіспей, сотқа жүгінді. Сот барысында әйел жұмыс берушінің қызметкерлер үшін барлық қажетті төлемдерді тұрақты түрде аударып отырғанын дәлелдейтін құжаттарды ұсынған.
“Қосымша дәлелдерді жұмыс беруші де ұсынды: 200.00 формасы бойынша салық есептері, онда әйел кәсіпорынның қызметкері ретінде көрсетілген. Есеп құжаттары бірнеше тоқсанға берілген. Барлық құжаттарды зерттеген сот әйел мен жеке кәсіпкер арасындағы еңбек қатынастарының шын мәнінде болғанын анықтады. Демек, төлемдерді бермеуге негіз жоқ”, – делінген Маңғыстау облысының арнайы ауданаралық әкімшілік сотының хабарламасында.
Сот қордың шешімін заңсыз деп танып, әйелдің жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлем алу құқығын қалпына келтірді. Шешім заңды күшіне енген.
"Аяғыма оқ тиіп, кестіруге мәжбүр болдым": Сынаққа сынбаған Паралимпиада чепионы Ербол Хамитов жайлы не білеміз?