3,7 миллиард теңге залал келген: Жүк көліктерін заңсыз тіркеумен айналысқан “Азаматтарға арналған үкімет” маманы Ресейден экстрадацияланды

Фото: Видеодан скрин
Қазақстанның Бас прокуратурасы шетелден әкелінген жүк көліктерін Жетісу облысында заңсыз рәсімдеумен айналысқан қылмыстық топтың мүшесін Ресей Федерациясынан экстрадициялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Күдікті – “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” коммерциялық емес акционерлік қоғамның маманы. Ол ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында 2022-2023 жылдар аралығында автокөлік иелерін іздеп тауып, алғашқы тіркеу алымдары бойынша төлемдер туралы жалған мәліметтерді ақпараттық жүйесіне енгізіп, олардың көлік құралдарын заңсыз тіркеген.
  
  “Қылмыстық іс-әрекеттердің нәтижесінде 481 көлік құралы заңсыз есепке қойылып, бюджетке міндетті төлемдердің түспеуі түрінде 3,7 млрд теңгеге аса ірі мөлшердегі мемлекетке залал келтірілген. Қылмыстарды жасағаннан кейін күдікті жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған”, – деп мәлімдеді Бас прокуратура.
  
  Биыл наурыз айында ол Мәскеу облысында ұсталып, Қазақстанның Бас прокуратурасының сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды.
  
  Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды. Қылмыстық заңнамаға сәйкес оған тағылған айып бойынша мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
  
  Бас прокуратура шетелде жасырынып жүрген тұлғаларды іздестіру және оларды жауаптылыққа тарту бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып жатыр.
 
Үй алудың жаңа мүмкіндіктері: Алдағы уақытта қандай тұрғын үй бағдарламалары іске қосылады
