Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жұбайынан айырылған Абай Бегей жан-жарасы туралы айтып берді

Әнші Абай Бегей шамамен екі жылдай бұрын өмірлік серігінен айырылып қалды. Бүгінде төрт бірдей баланың тәрбиесімен олардың нағашы әжесі мен әншінің өзі айналысуда. Абай Бегей өмірін өксікке толтырған жан-жарасы туралы айтып берді.

абай бегей

Ол уақытта әншінің өзі кіші қажылық сапарында болған еді. Абайдың әйелі ұлымен бірге Алматыдағы шипажайлардың бірінде жатса керек-ті. Қажылықтың төртінші күнінде жұбайына хабарласа алмаған әнші қатты алаңдапты. Айтуынша, арада бір сағат өткеннен кейін қасындағы сапарластарының бірі оған суыт хабарды жеткізген. Бұл туралы «Қазақстан» арнасының «Айтуға оңай» бағдарламасында айтылды.

«Умра қажылығына аттанған едім. Ол кісі екеуміз үш айдан кейін үлкен қажылыққа бірге барайық деп ниеттенен едік. Көптен оразасын ұстап, бес уақы намазын оқыды. Мен барып келгенше сен осында бол деп Алматыдағы шипажайлардың бірінде ұлым екеуін қалдырып кеттім. Сол жаққа барғаннан кейін төртінші күні кешке ауыз ашқаннан кейін телефон соқсам алмайды, шамамен бір сағаттан кейін қасымдағы адамдардың бірі хабар жеткізді. Қатты ауырған жоқ еді. Аздап ыстығы көтерілген. Бұлай болады деп ойлаған жоқпыз. Бәрі де Алланың қолында екен», – дейді әншінің өзі.

Қайғылы хабарды ести салысымен әнші жолға шығып, өмірлік қосағын соңғы сапарға шығарып салған. Марқұмның артында үш қыз, бір ұл қалды. Үлкені Ерке 20 жаста. Жоғары оқу орнында білім алады әрі кәсіппен айналысады екен. Жеке той салонын ашқан бойжеткен іні-сіңлілеріне қамқор болуда. Сондай-ақ, бүгінде балалар нағашы әжелерінің тәрбиесінде.

Абай Бегей жары дүниеден озғаннан кейін есеңгіреп қалғанын, үш айға дейін үйден шықпағанын айтты.

«Бәріміз де өмірде қонақпыз. Бірақ басыңа түскен кезде қиын болады екен. Үш айдай үйде отырып қалдық. Ағаларымыз, туыстарымыз «тірі адам тіршілігін жасайды» деп содан кейін жұмысқа шығып кеттім», – дейді ол.

«Жалғыздық Құдайға ғана жарасады. Екінші рет үйлену ойыңызда бар ма?» деген Бейсен Құранбектің сауалына әнші:

«Бір жылдық астан кейін тумаластарым ол туралы айтты. Қайткенмен де басқа бермесін, өзімді ойлайтын болсам үйленуге болады. Ал балаларға қарасам, аналарын қатты жақсы көрді, оған дайын емес секілдіміз», – деп жауап берді.

Бағдарлама барысында Абай Бегей жарына арнаған «Жәннатым» атты әнін орындап, көрермендерді жылатты. Жанын жаралаған оқиға туралы әңгіме өрбіткенде өзі де көзіне жас алды. Өмірден озып кеткен жұбайын қатты сағынса керек-ті. Амал нешік…

Жіберіп алмаңыз: 

Еркеш Шакеев қайтыс болған ұлы туралы фильмді көпшілік назарына ұсынды (видео)

Қазақстанда еркектер ұрады, әйелдер көнеді. Неліктен?

Маңғыстау облысында жалғызбасты әке бес баласын өзі тәрбиелеп отыр

Павлодарда 67 жастағы жалғызбасты әке төрт баласын өзі асырап отыр

 

Талқылау