Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда ЖРВИ белгілері асқынуына байланысты жаңажылдық ертеңгіліктер өте ме: Санитарлық қызметі жауап берді

балалар ауырып тұрса жаңажылдық іс-шараларға қатыспайдыФото: asiaworlds.ru

Алматыда ЖРВИ көрсеткіші өсіп келе жатқандықтан, жаңажылдық ертеңгіліктерді өткізу мәселесі көпшілікті алаңдатып отыр. Қаланың санитарлық қызметі мереке қарсаңында мектептер мен балабақшаларда адам көп жиналатын шараларды шектеуді ұсынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалыкова өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте эпидемиологиялық өршу кезеңінде ірі іс-шаралардан бас тартуға кеңес берілетінін айтты. 

Алайда жаңа жылдық ертеңгіліктер толықтай тоқтату әзірге жоспарланып отырған жоқ.

"Қазір оларды толықтай тоқтату мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Өйткені бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес шектеу енгізу үшін сырқаттанушылық көрсеткіші алдыңғы аптамен салыстырғанда 1,5 есе артуға тиіс. Ал осы аптада мұндай өсім байқалмайды. Дегенмен жалпы талаптар сақталады. Мүмкіндігінше басқа форматта өткізу, адамдардың көп жиналуына жол бермеу керек", – деді Әсел Қалыкова.

Оның айтуынша, мектептер мен балабақшаларға мерекелік шараларды ұйымдастырмас бұрын балаларды алдын ала тексеріп шығу қажет. Егер оқушы сабаққа келмесе, оның себебін анықтап, ауру немесе ЖРВИ белгілері бар балаларды ертеңгіліктерге жібермеу маңызды. Бұл білім беру мекемелеріндегі аурудың алдын алудың тиімді тәсілі болмақ.

Мәліметтерге сенсек, Алматыда 47-апта ішінде 32 456 ЖРВИ жағдайы тіркелген. Өткен аптамен салыстырғанда 17,6%-ға, ал өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 37,2%-ға жоғары көрсеткіш. Науқастардың 58,5%-ын балалар ауырып, 18 992 жағдай тіркелген.


Денсаулық сақтау министрі елде эпидемиологиялық жағдай жақсарып келе жатқанын айтты


"Әсіресе аяғы ауыр әйелдер мен балаларға өте қауіпті": "Гонконг" тұмауын кәдімгі тұмаудан қалай ажыратуға болады


Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында ЖРВИ мен тұмау өршуіне байланысты оқушылар уақытша қашықтан оқуға ауыстырылғанын жазған едік. Кейбір сыныптарда балалардың 30%-дан астамы сабаққа қатыспаған жағдайда онлайн оқыту енгізілген. Облыстық білім және денсаулық сақтау басқармалары оқушылардың денсаулығын бақылауды, қызуы бар немесе толық жазылмаған балаларды мектепке жібермеуді, сондай-ақ қоғамдық орындарда бетперде тағуды ұсынады.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 03 Желтоқсан, 2025 15:29