Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құрылыс компанияларын жарнамалайтын блогерлерге жазаны күшейту керек – депутат

Сенатор Геннадий Шиповский өзінің депутаттық сауалында құрылыс ұйымдарымен жасалған шарттардың орындалмауы мен шағымдар туралы деректерді келтірді. Депутаттың айтуынша, жосықсыз құрылыс салушылардан зардап шеккендердің басым бөлігі Астанада – 1 282 адам, Қарағандыда – 961 адам, Ақтөбеде – 657, Атырауда – 631 және Алматыда – 360 адам болып отыр. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Фото: кадрдан скрин

Депутат 2019-2022 жылдар аралығында елордада проблемалық объектілердің құрылысын аяқтауға Ұлттық қордан 60 млрд теңге және республикалық және жергілікті бюджеттерден 154,6 млрд теңге бөлінгенін атап өтті. Осылайша, мемлекеттің қатысуымен елордада 120 проблемалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Алайда бүгінде елімізде 7 мыңға жуық алданған салымшы бар, оның 4 мыңнан астамы Астанада тұрады.

"Қазіргі таңда халқымыз көбейіп, 20 миллионға жетіп отырмыз. Халық санының өсуімен қоса, ауылдағы жұмыссыздық салдарынан өршіген урбанизация ірі қалаларымызда көпқабатты үйлердің көптеп салынуына алып келді. Сол тұрғын үйлерден әр отбасы баспана алғысы келіп, әр түрлі компанияларға жүгінуде. Қалталы азаматтарымыз бағасына қарамай, тек сапа мен комфортқа мән беріп үй таңдаса, қарапайым халықтың ондайға шамасы келе бермейді. Олар үй бағасының неғұрлым қолжетімді болғанын бірінші кезекке қояды. Осыны білетін кейбір құрылыс компаниялары әр түрлі жеңілдіктермен, шаршы метрдің арзандығымен бала шағасының аузынан жырып жинаған қаншама отбасының ақшасын жинап алып, не пәтерлерін бермей, не салған ақшасын қайтармай, зар жылатып отырған жайы бар", - деді депутат.

Ол соңғы екі жылда құқық қорғау органдары заңсыз қаражат жинағаны үшін 300-ден астам компанияны әкімшілік жауапкершілікке тартып, оларға 250 миллион теңгеге айыппұл салыпты.

"Халықтың сенімімен ойнап, уәделі мерзімде өз үйлерін заңды түрде талап еткен клиенттерге пәтерді тегін үлестіріп жатқандай қырын қарап, құрылысты сағызша созып жүрген компаниялар туралы болмақ. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, еліміз бойынша 2021-2023 жылдары аралығында құрылыс компанияларымен жасалған шарттың орындалмауына байланысты үлескерлердің арыздары негізінде Қылмыстық кодекстің 189 және 190-баптарымен барлығы 45 қылмыстық іс тіркеліп, 4734 үлескер зардап шекті. Олардың басым көпшілігі Астанада – 1282 адам, Қарағандыда – 961, Ақтөбеде – 657, Атырауда – 631, Ақмолада – 457 және Алматыда – 360. Құрылыс компаниялары басшылығының заңсыз әрекеттерінен жалпы 55 млрд 264 млн теңге шығын келтірілді, олардан 20 млрд 281 млн теңгесі ғана өндірілді", - деді ол.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2019-2022 жылдары аралығында бір ғана елордада проблемалық объектілердің құрылысын аяқтауға Ұлттық қордан 60 млрд теңге, республикалық және жергілікті бюджеттерден 154,6 млрд теңге бөлінген. Осылайша, мемлекеттің қатысуымен Астана қаласында 120 проблемалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталды.

"Сол арқылы 14 мыңға жуық үлескердің тұрғын үй мәселелері шешілді," - дейді министрлік. Сөйте тұра, елімізде бүгінде 7 мыңға жуық алданған үлескер бар, олардың 4 мыңнан астамы елордада. Республика бойынша әлі де 44 проблемалық объект бар екен.

"Яғни, орта есеппен алғанда, бір компанияға 800 мыңнан сәл асатындай айыппұл салынған. Бұл дегеніңіз бір пәтердің 2 шаршы метрінің бағасы ғана. Ал, келтірілген залал 30 млрд теңгеден асты. Айыппұл – 250 миллион, залал 30 миллиард. Бұл парадокс емес пе?",- деді сенатор.

Бұдан өзге, кейбір құрылыс компанияларының жауапсыздығынан үлескерлерден бөлек, сол үй құрылысын жүргізіп нәпақасын тауып жүрген құрылысшылар мен құрылыс тауарларын жеткізуші кәсіпкерлердің де жапа жегіп жатқаны ешкімге жасырын емес. Құрылысшы азаматтарымыздың компаниялардан жалақыларын алалмай әбігерге салынып жүргенін көріп те жүрміз, бірнешеуі осы мәселемен қабылдауда да болды.

Сенатор Геннадий Шиповских осыған байланысты Үкімет басшысына өзінің бірқатар ұсыныстарын жолдады.

  • Үлескерлерге келтірілген шығындар күдіктілер есебінен толық өндірілмей, көпшілігі мемлекет тарапынан өндіріліп жатыр. Осы мәселені ескере отырып, құрылыс компанияларына қойылатын талаптар мен мемлекеттік бақылауды күшейту қажет
  • Компания үйді келісім шартта көрсетілген мерзімде тапсырмаса, үлескерлердің пәтер жалдау ақысын сол компанияларға міндеттеу қажет.
  • Құрылыс компанияларына іс қозғалған сәтте сол команияларды жарнамалап жүрген түрлі блогерлер мен танымал тұлғалардың да жауапкершілігін арттыру қажет. Сондай-ақ, олардың халыққа ұсынып, жарнамалап жүрген компанияларына толық көзі жетіп, сосын кіріскені манызды.
  • Заңсыз қаражат жинаушы компанияларды жауапкершілікке тарту барысында айыппұл мөлшерін сезілетіндей етіп көтеру.

"Төтенше жағдайлар орын алғанда жұмсалатын ұлттық қор қаражатын айдың күннің аманында құрылыс компанияларына бөлу қаншалықты орынды?", - деді депутат.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Астанада 15 жылдан бері пәтерін ала алмай жүрген 500-ге жуық отбасы туралы жазған едік.

Талқылау