"Жолсерік ер адам болмауы керек": Қазақстандық жолаушы әйелдер вагонын сынға алды
Фото: kasheloff.ru
Қазақстандық қыз "Маңғыстау – Семей" пойызының "әйелдер вагонында" жолсеріктің ер адам болғанына наразылығын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Маңғыстау-Семей пойызының жолаушысы жақында "әйелдер вагонында" болған жағдайды Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында баяндады. Ол билетті әйелдерге арналған вагоннан өз қауіпсіздігі үшін алатынын айтты.
"ҚТЖ пойызындағы әйелдер вагонынан билетті демалып, өзімді қауіпсіз сезіну үшін сатып алдым. Вагон іші ыстық болған соң жеңіл киіммен жүрдім. Себебі бұл – тек әйелдерге арналған жабық орын. Бірақ купеге ер жолсерік рұқсат сұрамай кіріп: "сізге іссапар ақшасын алу керек пе" деп сұрады. Оған жауап бердім. Егер маған бірдеңе қажет болса өзім-ақ барып сұрайы аламын", – деді қазақстандық.
Сондай-ақ ол Қазақстан Темір жолына жолсерік ер адам болса, әйелдер вагоны не үшін ашылды деген сауал қойды.
"Бұл – әйелдер вагоны, сондықтан жолсерік әйел болуы керек. Біз билетті өз қауіпсіздігіміз үшін сатып аламыз. Қауіпсіздік пен жайлылықты қалаймыз. Біреу кіріп кете ме деп алаңдап отырғымыз келмейді. Жолаушыларды құрметтеу керек. Әр адамның жеке шекарасы сақталуы керек", – деп жазды ол.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Қазақстан темір жолынан мән-жайды сұрап білді.
Олардың айтуынша, "Маңғыстау – Семей" бағытындағы пойызда әйел жолсерік болған. Ол өзін нашар сезініп, ауырған соң оның орнына кезекші әріптесі шыққан екен.
“№38/37 "Маңғыстау – Семей" бағытындағы жолаушылар пойызының №6 вагонына әйел жолсерік бекітілген. Пойыз бригадасы қызметкерлерінің түсіндіруінше, жолсерік сапар кезінде өзін нашар сезініп (басы айналып, дене қызуы көтерілген), уақытша қызметтік міндеттерін толық атқара алмаған. Сол себепті, жолсерік кезекші әріптесінен жолаушылардың құжаттарын тексеріп, жол жүру талондарын тапсыруды өтінген. Бұл талондар іссапарда жүрген жолаушыларға қажетті құжат саналады”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ Ұлттық тасымалдаушы қызметтік тәртіпті сақтау мақсатында жолсерікке түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін мәлімдеді. Алдағы уақытта мұндай жағдайларға жол бермеу туралы нақты нұсқау беріліпті.
“Өзіңді қауіпсіз сезінгің келсе есігіңді құлыптап ал”
Жолаушы қыздың шағымына желі қолданушылары түрлі пікір қалдырды. Бір тарап, әйелдер вагоны қоғамдық орын емес екенін, қорықса есігін жауып отыру керегін айтты. Енді бір тарап, пойыз вагондарын қыздарға қауіпсіз деп айта алмайтынын, сол себепті әйел жолсерік болғаны жөн екенін жеткізді.
“Әйелдер вагоны киім ауыстыратын бөлме емес. Егер емін-еркін, жеңіл киіммен жүргіңіз келсе есігіңізді құлыптап алыңыз. Купеңізге кімнің кіріп шыққаны маңызды емес. Бірақ, сіз де біреудің купесіне кіре алмайсыз. Егер есік жабық болса, оны қағып жауабын күті керек. Ал жолсерік жай ғана қызметкер. Компания әйелдер вагонында еркектердің жүруіне тыйым саламыз деген жоқ. Олар жай ғана бөтен еркектерге билет сатпаймыз деп уәде берді”.
“Әйелдер вагоны сіздің жеке кеңістігіңіз емес. Ол жер сізге емін-еркін жүретіндей қоғамдық орын емес. Әрбір жолсерік өз міндетін атқарады. Сіздің өзіңіз қоғамдық тәртіпті сақтап тұрған жоқсыз”.
“Егер кафе балаларға арналған болса, логикаңыз бойынша онда балалар жұмыс істеуі керек пе? Жолсерік те қызметкер. Ауруханада әйелдер бөлімінде ер мамандар болғаны секілді, олар да жұмыс істеуге құқылы. Егер өзіңізді қауіпсіз сезінгіңіз келсе есігіңізді жауып алыңыз”.
“Әйелдер вагонына ер адамдарды кіргізбеу керек”
“Жолсерік әйел болу керек дегенді қолдаймын. 2018 жылы Тальго пойызында бір резонансты іс болған еді. Екі жолсерік жолаушы қызды зорлағаны туралы. Ғылыми конференциядан қайтқан 35 жастағы әйелді өз купесінде жолсеріктер зорлаған. Олар осы әрекеттері үшін сотталған да еді”.
“Мұнда жазылған кері пікірлерді оқып жағамды ұстап отырмын. Қыз зорлау оқиғасы пойызда да болатынынан хабарларыңыз бар ма? Сондықтан әйелдер вагонында жолсерік әйел болуы керек. Әйелдер вагонының билеті қарапайым билеттерге қарағанда қымбатырақ. Мұндай вагондар көп емес. Сол себепті, әйел қызметкерлерді де жалдау мәселе болмайды деп ойлаймын”.
“Бір жолы мен де әйелдер вагонынан орын алдым. Бір уақытта ер жолсерік кіріп келді. Автордың пікірімен толықтай келісемін. Төтенше жағдай мен медициналық көмек қажет болатын кезде ғана ер адамдардың көмегі қажет болуы мүмкін. Басқа жағдайларда әйелдер вагонына ер адамдарды отырғызбау керек”.
“Тальгода көршім маған тиіспек болған. Ол кезде мен спорттық киімде, ұйқылы-ояу болдым. Осы жағдайдан соң қайтар жолға әйелдер вагонынан орын алдым. Жолсерік ер адам екен. Себебін сұрағанымда жолсерік Қазақстан Темір жолында әйел қызметкерлер аз екенін айтты. Оның үстіне әйел кісілер ауыр сөмкелерді көтеріп жүргісі келмейді екен”.
Қазақстанда қай бағыттағы пойыздарға әйелдер вагоны қосылған?
"Жолаушылар тасымалы" АҚ Ұлттық тасымалдаушы әйелдер вагондары келесі бағыттар бойынша қатынайтынын еске салды:
№77/78 "Алматы – Маңғыстау";
№351/352 "Алматы – Маңғыстау";
№45/46 "Павлодар – Түркістан";
№37/38 "Маңғыстау – Семей";
№47/48 "Атырау – Астана";
№33/34 "Ақтөбе – Алматы";
№4/3 "Астана – Алматы";
№71/72 "Астана – Шымкент";
№354/353 "Астана – Семей";
№24/23 "Ақтөбе – Алматы";
№25/26 "Алматы – Шымкент";
№614/613 "Орал – Маңғыстау".
Ұлттық тасымалдаушы әйелдер вагондарында ер адамдардан 7 жасқа дейінгі ұл балаларға ғана рұқсат етілгенін, онда тек әйелдер жолсерік болып жұмыс істейтінін өздері мәлімдеген.
Компания өкілдері жолаушыларға билеттерді онлайн рәсімдеу кезінде 'ЖН' (әйелдер) аббревиатурасына назар аударуды сұрады. Бұл билет тек әйелдерге сатылатынын білдіреді екен.
Қазақстанда әйелдерге арналған вагондар 2021 жылы пайда болды.

"Ер актерлерге әйелдерге қарағанда көбірек төлейді": Отандық кино жұлдыздарының гонорары қанша
