Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Жолдасым болмаса да, Құдай маған немерелерімді берді»: Шәхизада әйел бақыты туралы сыр шертті

Танымал әнші Шәхизада ханым үшінші рет немерелі болды. Бір үйдің анасы, әжесі, ері де болып отырған әнші өзгелері жылдап соғатын  зәулім үйді небәрі 4 айда тұрғызғанын айтады. Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне сұхбат беріп, зәулім үйін көрсеткен Шәхизада ханым бүгінде нағыз әйел бақытын сезініп жүргенімен бөлісті.  

шәкизада

- Шәкизада ханым, жақында ғана жаңа үйге ұл-келініңізбен бірге қоныс аударған екенсіздер. Хан сарайындай үйді салуға қанша уақыт кетті?

- Бұл үй төрт айда салынды. Үш қабат. Күні-түні тынбай жұмысшылармен, дизайнермен бірге жүріп өзім де салдым. Арасында базарға құрылыс заттарын таңдауға да бардым. Тойларым, концертім бар. Осы ай ішінде бәріне үлгеруіме тура келді. Менің әр күнім жүгіріспен өтеді. Барлық нәрсеге үлгеруге тырысамын.  

- Немерелі болып жатыр екенсіз, бауы берік болсын...

- Иә, үшінші немерем дүние есігін ашты. Есімін Диар деп қойдық. Балам мен келінім «Сіздің ұлыңыз. Есміңіз өзіңіз қойсаңыз» деп айтты. Бірнеше есімдер болды. Соның ішінде Диар өзіме қатты ұнады. Менің 20 жылдан бері араласып келе жатқан отбасылық достарым бар. Мені сол кісілер ауылдың үлкен атасы, азаматы, ақылшысы Диар атаның мерейтойына шақырған еді. Жақсы өтті. Содан немеремнің атын қоярда осы есім көзіме ыстық көрінді. Сөйтіп ырымдап үлкен бір азамат болсын деп немеремнің атын Диар қойдым.


Тағы оқыңыз


- Сіздің әншілігіңіз немерелеріңізге қонды ма екен? Бесік жырында қандай әндеріңізді айтасыз?

- Диарым әнді жақсы көреді. Туыла салғаннан менің әндерімді тыңдап ұйықтайды. Келінім солай үйретіп қойыпты. Қазір де өзімнің әндерімді ыңылдап айтсам, ұйықтайды. Таңертең «қайырлы таң» деп бөлмелеріне кірсем, бірден назар аударады. Менің даусымды жаттап алған. Бірінші немерем Кәусар да менің даусыма үйренген. 

- Өнер, сахна деп жүріп жалғыз ұлыңызды тәрбиелеп өсірдіңіз. Қазір келініңізге үш баламен шектеліп қалма деп айтып отырасыз ба?

- Мен айтпасам да арманымды келінім өзі біліп отыр. Мұнымен тоқтап қалмаймыз дейді. Арасында екі жыл демалып алып, одан кейін тағы да сәбилі болғандарын қалаймын. «Қастарыңда мен бармын, анам бар. Осылай баршылық кезінде босанып ал, балаң көп болсын» деп те айтып отырамын. Ұлым мен келінім екеуі де бұған қарсылық көрсетпейді. Келінім тіпті көпбалалы ана болғысы келеді. Үш немерем бар. Жолдасым болмаса да, Құдай маған немерелерімді берді. Бұл мен үшін үлкен бақыт. Әрбір баланың өз несібесі бар. Диарым туылды, үш қабатты биік шаңырақ көтердік. Алла не жақсылық берсе де өз уақытымен, сынаса да берекесімен береді.  

- Өзіңіз оңтүстіктің қызысыз ғой. Келініңізге қонақ келгенде орамал таққызып, сәлем салғызасыз ба?

- Келінім мен айтпай-ақ басына орамалын тағып, сәлемін салады. Әдемі ұзын көйлегін де киіп алады. Сонысына риза боламын. Тіпті менен сұраған да емес. Бұл келінімнің анасының тәрбиесі, өскен жерінен шығар. 

- Екі әйелдің басын бір қазан-ошақта сыйғызу қиын деп айтып жатады ғой. Сіздерде қалай?

- Мен біріншіден, әйел емеспін. Мен әншімін, анамын, енемін, әжемін. Мен осы жанұяның үлкен анасы ғана емес, ері де болып кеткенмін. Барлық тірлікке араласып, ұлыммен бірге шаруаларда жүремін. Келінім «Бүгін қандай тамақ істейін анашым?» деп ылғи сұрап отырады. Ұйықтап жатқан жерімде оятып, сәлемін салып, ыстық шәйін құйып береді. Бұл жақсы емес пе? Келінім екеуміз бірге қыдырамыз, дүкен аралаймыз, дос ретінде сырласамыз да. 

- Барлығын келініңіз дайындап отырады екен. Ас үйге жолауыңыз неғайбыл сияқты ғой...

- Менің уақытым жоқ. Келінім бар, барлығын дайындап қояды. Ас үйге мен тек тамақ ішуге ғана кіремін. Рахметімді айтып, батамды беріп шығып кетемін. 

- Шәхизада апай, әже болсаңыз да жүзіңізден бір әжім көріп оытрған жоқпын. Сұлулық салондарына жиі барасыз ба?

- Әрине, сұлулық слондарына жиі барамын. Алдын-ала жоспарлап қоямын. Аптасына екі рет барамын. Негізі күзде және көктем айларында сұлулық салонына міндетті түрде он күнге бару керек. Оның ішінде денеме толық массаж аламын. 
                                                                                        Сұхбаттасқан Анар Дәукен

Талқылау