Жолда көлік қағып кеткен баланың анасы ұлының қалай жоғалып кеткенін айтып берді
Алматыдағы Шығыс айналма жолында көлік қағып, талдың түбіне тастап кеткен 5 жасар баланың анасы ұлының қалай жоғалып кеткенін айтып берді. Бұл туралы ҚазАқпарат-қа сілтеп, Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
«Бұл жағдайдың қалай болғанын түсінбедім. Ұлым аулада жүрген. Арада 50 минуттан аса уақыт өтті. Мен оны күйеуімнің жанында жүр деп ойладым. Ал, ол жұмысқа кетіп қалған екен. Шамасы ол да ештеңе байқамаған секілді. Осыдан кейін оған не болғанын білмеймін. Оның жоқтығын біліп іздей бастадым, аялдамаға да бардым, онда да жоқ болды. Содан полицияға қоңырау шалдым едім, олар бізге апат болғандығын айтты. Бұл хабарды ести сала сонда бардық», – деді баланың анасы Азиза Асқароғлы.
Анасының айтуынша, 5 жастағы Дінмұхамед балабақшаға барады. Балалармен де жақсы дос. Қапыда баласынан айырылып қала жаздаған ана, енді ұлының жанынан бір елі шықпайды.
«Баламды палатаға ауыстырды. Дәрігерлер оның жағдайының тұрақты екенін айтты. Әзірше, дұрыстап сөйлей алмайды. Сұрақ қойсам, көзімен ишарат білдіреді. Бірдеңе айтып сөйлесем, күледі. Дәрігерлер оның қалпына келуі үшін уақыт керек дейді. Сабыр сақтау керек», – деді Азиза.
Естеріңізге сала кетсек, Алматыдағы Шығыс айналма автожолында белгісіз жүргізуші 5 жасар баланы қағып кетіп, оқиға орнынан із суытқан. Әлеуметтік желілерде баланың отбасының таныстары хабарлағандай, жүргізуші баланы қағып кеткеннен кейін оны көрпеге орап, жолдың шетіне тастап кеткен. Бірнеше күн бойы жансақтау бөлімінде жатып,жасанды тыныс алу құрылғысына қосулы болған бала кеше есін жиып, бүгінде тамақ жеп, сөйлей бастады.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.