Жолаушы әзілдегені үшін Астана-Алматы рейсінен түсіріліп, айыппұл арқалады

Астана халықаралық әуежайында жолаушы тіркеу кезінде айтқан әзілі үшін рейстен түсірілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 28 ақпанда Air Astana әуе компаниясының Астана – Алматы бағытындағы рейсінде болған. Жолаушы №210 тіркеу үстелінде тұрған. Сол сәтте одан әуе компаниясының тіркеу агенттері жолаушыдан өзімен бірге тыйым салынған заттардың бар-жоғын сұраған. Жолаушы жауап ретінде қалжың түрінде ықтимал қауіп белгілері бар ақпарат айтқан.
“Белгіленген әрекет ету алгоритміне сәйкес, әуе компаниясының қызметкерлері мұны дереу әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметіне және көліктегі желілік полиция бөліміне хабарлаған. Кейін жағдайға тиісті бөлімшелер мен уәкілетті органдар тартылды. Тексеру нәтижесінде қауіп расталмады. Жолаушы рейстен түсіріліп, оған қатысты Қазақстан заңнамасына сәйкес әкімшілік материалдар рәсімделді. Оның ішінде әкімшілік айыппұл салынды”, – делінген хабарламада.
Астана әуежайы кез келген ықтимал қауіп туралы мәлімдемелер, тіпті қалжың ретінде айтылған жағдайда да, әлеуетті қауіп ретінде қарастырылатынын еске салды. Мұндай әрекеттер Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеледі.
Айта кетейік, бұған дейін Ирандағы жағдайдың ушығуына байланысты елімізден Таяу Шығысқа баратын рейстер тоқтатылғаны туралы жазған едік.
Қазақстандықтарға биыл жазда қайда бару тиімді: Грузия арзандап, Мальдив аралдары қымбаттаған