"Жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін": Қазақстанға 1,5 мың тонна қолданылған шина заңсыз әкелінген
Фото: pixabay.com
Бас прокуратура өкілдері елімізге қолданылған шиналар заңсыз әкелініп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қадағалаушы орган мәліметінше, Қазақстанның кеден заңнамасы мен Еуразиялық экономикалық одақтың нормалары денсаулық пен экологияға қауіпті тауарлардың әкелінуін қатаң реттейді. Олардың қатарына — тек арнайы рұқсат болған жағдайда ғана әкелуге рұқсат етілетін, қолданылған автокөлік шиналары (ТН СЭҚ коды 4012) да кіреді.
Бас көлік прокуратурасы тексеру жүргізгеннен кейін ейбір сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар бұл тыйымды айналып өтіп, қолданылған шиналарды дөңгелек дискілерімен бірге әкелетінін анықтады
Мәселен, биылғы жылдың сәуір-маусым айларында бір өңірде салмағы 1,5 мың тоннаға жуық қолданылған шиналарды 159 заңсыз әкелу дерегі тіркелген. Тағы бір өңірде өткен жылдары 200 тоннадан астам осындай өнім әкелінген.
"Мұндай шиналар қауіпті қалдықтар ретінде жіктеледі, олардың пайдаланылуы жол қозғалысы қауіпсіздігіне және қоршаған ортаға қауіп төндіруі мүмкін. Прокуратураның араласуынан кейін Мемлекеттік кірістер комитеті бақылауды күшейтіп, тәуекелдерді басқару жүйесіндегі шараларды жаңартты", – делінген прокуратура хабарламасында.
Құзырлы орган құқықбұзушылықтарды анықтау жұмысы жалғасып жатқанын атап өтті.

Қостанайда Ресей флотының мерекесі тойланды: Әкімдік шарадан хабарсыз болған
