Қазақстанда жоғары сынып оқушыларының медициналық тексерісіне акушер-гинекологтар қатыспақ
Фото: freepik
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев жоғары сыныптағы қыз балаларды жоспарлы медициналық тексеріс кезінде акушер-гинеколог қабылдауын енгізу мәселесі қаралып жатқанын айтты. Бұл туралы ол Мәжіліс кулуарында мәлімдеді.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сұлтанғазиевтің айтуынша, қазіргі таңда министрлік мектеп жасындағы жасөспірімдердің денсаулығын қорғау және алдын алу шараларын жетілдіру бағытында жұмыс істеп жатыр.
"Қыз бала 14 жасқа толғаннан кейін гинекологтың тексерісінен өту қажеттілігін қарастырып жатырмыз. Бұл нақты бір жағдайға байланысты емес, жалпы алдын алу шарасы ретінде талқылануда. Медициналық көмек көрсету стандарттарына сәйкес бұл мәселе зерттеледі", — деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, денсаулық пен салауатты өмір салтын насихаттау тек дәрігерлердің емес, бүкіл қоғамның, әсіресе ата-аналар мен ұстаздардың ортақ міндеті болуы тиіс.
"Мұндай тәрбиелік жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу қажет. Баланың денсаулығы мен өмір салты туралы білімді мектеп қабырғасынан бастап беруіміз керек", - деді Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ ол бұрын мектептерде оқытылған валеология пәнінің (денсаулық негіздері) қайта енгізілуі немесе балама форматта жүргізілуі маңызды екенін атап өтті.
"Бұрын валеология пәні арқылы балалар денсаулықтың қадірін түсінетін. Денсаулық сақтау жүйесі де ағартушылық бағыттағы жұмыстарды күшейтуі қажет", – деді бірінші вице-министр.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысында 14 жастағы оқушы босанғаны туралы жазған болатынбыз.

Дженнифер Лопестен Real Madrid-ке дейін: Әлемдік жұлдыздардың келуі Қазақстанға қандай пайда әкелді
