Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бес есе жоғары пайызбен қарыз берген: Оралда "Жылдам ақша" микроқаржы ұйымын құрушылар тергеуге алынды

Заңсыз микроқаржы ұйымындағы ақшаны тәркілеу сәтіФото: Видеодан кадр

Оралда жоғары пайызбен қарыз беріп келген заңсыз микроқаржы ұйымын құрушылар тергеуге алынды. Олар тұрғындарға лицензиясыз микрокаржылық қызмет көрсеткен деген күдікке ілінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаржы мониторингі агенттігі таратқан мәліметке сүйенсек, күдіктілер бес жыл бойы "Жылдам ақша" деген атаумен кеңінен тараған филиалдар желісі арқылы тұрғындармен жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден асатын микроқаржы келісімшарттарын жасаған.

"Несиенің пайыздары бөлек шарт арқылы "кеңес беру қызметі" ретінде көрсетілген. Бұл қызметтер күдіктінің туысына тіркелген, олармен байланысы бар ЖШС арқылы рәсімделіп отырған. Қарыз алушылар күн сайын 1,5% төлеуге мәжбүр болған, бұл заңмен белгіленген шекті мөлшерлемеден 0,3% яғни 5 есе артық", – делінген агенттік хабарламасында.

Заңсыз микроқаржы ұйымы арқылы жоғары пайызбен 47 мыңнан астам қарыз берілген. Алдын ала мәлімет бойынша, заңсыз алынған табыс көлемі 917 млн теңге болған.

"Соттың санкциясымен күдіктілердің мүлкіне – өндірістік коммерциялық нысан мен бір пәтерге тыйым салынды", – деп хабарлады ҚМА өкілдері.

Қазір бұл дерек бойынша тергеу жүріп жатыр.

Аида Тақабаева
Сәрсенбі, 02 Шілде, 2025 11:11
Талқылау