Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әр есікті қағып, шаршадық": 2005-2010 жылдары хит болған отандық шоу-бизнес өкілдері қазір қайда жүр

Тыңдарман құлағында жатталған әндердің орындаушылары бүгінде сахнадан көрінбей кетті. Халық әлі күнге дейін "Жүрегімді жаралап кеттің, ғашығым" деген әннің өзін ұмыта қойған жоқ. Осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі жоғалған жұлдыздармен тілдесті.

Фото: Жеке парақшалардан алынды

2005 жылдары көгілдір экраннан түспей, “Айтшы, жаным, тек шыныңды” деп әндеткен Алтынбек Тәшімбетов бүгінде көрінбей кеткен жұлдыздардың көшін бастап тұр. Өнер иесі заманның өзгергенін алға тартып, сахнадан гөрі онлайн платформаны қолға алып жатқанын айтты. 

 “Әркім өзімен-өзі жұмыс істеп кетті”

“Әр әншінің өзінің бойтұмарына айналған әні болады. “Айтшы, жаным” – сондай әндердің бірі. Дегенмен оған дейін де бірнеше әндерім жарыққа шықты. Халық жылы қабылдаған әндерімнің бірі – “Ұнатып ем” туындысы. “Айтқан сөзің оқ сияқты, жерге түскен шоқ сияқты” деген сөздері бар. Осы әнді 2003-2004 жылы үлкен сахнаға шықпай тұрып, Шымкентте жүргенде орындадым. Қазір әркім әртүрлі орындап жүр. Көше әндері деген анықтамалыққа енді. Кейін кассетаға жеке басылды. Осы әнді “Айтшы, жанымнан” бұрын орындадым. Қазір де әндер жазылып жатыр. Сахнадан көрінбей кеткеніміз рас. Заман баяғыдай емес. Әр есікті тоқылдата беріп, шаршадық. Әркім өзімен өзі жұмыс істеп кетті. Онлайн платформаға, Youtube арнамды ашып, әндерімді сол жаққа жүктеп жатырмын. 2011 жылы шаңырақ көтеріп, тұңғышым дүниеге келіп, отбасыма көңіл бөлдім. Сол кезде шығармашылығым тоқырап қалғаны рас”, – дейді әнші. 

Өнер иесі жас буын өкілдерінің әндерін тыңдап, саралап отыратынын жасырмады. 

“Біздің заман немесе осы заман деп бөле алмаймын. Ол заманда да қисық-қыңыр әншілер болған. Бұл заманда да жұлқынып, сахнаға шығып жүрген жастар жетерлік. Әнінің сөздері де ойлы, мағыналы. Әр заманның өз адамдары болады. Қазіргі жас эстрадада жүрген іні-қарындастарымның әндерін тыңдаймын. Ешқайсысын бөліп жарғым келмейді. Кейде сөздерін шайнап айтатын әндер хит болып кетеді. Сөздерін түсінбей қаласың. Жалпы, сөзге қатты мән беретін уақыт келді. Айтатын сөзді құлақ арқылы жүрекке жеткізе білу керек. Өнердегі аға-әпкелерім туралы айтсам, олармен сәлеміміз түзу. Замандастарыммен де бұрынғыдай араласып тұрамыз”, – деді Алтынбек Тәшімбетов. 

 “Оқытушылық шабыт сыйлайды”

“Жас қанат – 1997” байқауының жеңімпазы, әнші Гауһар Қаспақова да сахнадан көрінбей кетті. Бүгінде ерекше дауыс иесі білім саласында қызмет етіп жүрген көрінеді. 

“Шығармашыл адам болған соң түрлі идея ойлап жүреміз. Жаңа әндер іздестіріп, менің жан дүниеме келетін туындыларды жарыққа шығарғым келеді. Ескі әндеріме заманға сай үн беріп, орындау да ойда бар. Дәл қазір ізденісте жүрген адаммын. Одан кейін білім саласында еңбек етіп жатырмын. Бірақ шығармашылық бірінші сатыда тұрады. Ал оқытушылық ерекше шабыт сыйлайды. Білім беру бағдарламасына қосқан үлесімнің арқасында студенттерім түрлі байқауда топ жарып жатыр”, – деп мақтанышпен айтты әнші.

Әншіліктен гөрі ұстаздық қызметте жүрген өнер иесі өнеріне де, отбасына да қатар көңіл бөлгісі келіп тұратынын жеткізді.  

“Әйел заты болғасын отбасы мен өнерді қатар алып жүруге тура келді. Екеуін де ақсатып алмау керек. Бірақ мен тек шығармашылықпен айналысып отыра алмаймын. Ерте тұрып, бәріне үлгеруге тырысамын. Жалпы қазір Қазақстанның поп-мәдениеті үлкен өзгерістерге ұшырап, көптеген жаңа бағыт пен стиль қалыптасып жатыр. Осы орайда жастарымыз да қазақ эстрадасына өз үлесін қосып жүр. Әрқайсысының өзіндік маңызы, ролі, стилі бар. Маған осындай тенденция ұнайды. Бұл әлемде біздің бәсекеге сай екенімізді көрсетеді. Алайда арасында өзіме жақын, көңілімді өзіне аударатын осындай орындаушыларды оның ішінде: Мархаба Сәби, Ayree, Kyle Ruh, Амалят Ақеркелерді атап өткім келеді”, – деді әнші. 

“Пандемия әсер етті”

2010 жылдары жастардың жүрегінен орын алып, әндері хитке айналған “До Мажор” тобының да тарап кеткеніне біраз болды. Алайда тыңдарман қауым өнерлі топты ұмытпаған. Топтың экс солисі, әнші Роман Майғазының айтуынша, топтың қайтадан құрылуы екіталай көрінеді. 

“До Мажор” тобының тарағанына – 12 жыл. Ешқандай ұрыс-керіссіз, ортақ шешімге келіп бөлек кеттік. Бүгінде шығармашылығымызды жеке-дара қолға алып жатырмыз. Әлі күнге дейін достарымызбен араласып тұрамыз. Отбасылық достарға айналдық. Жігіттердің ешқайсысы шығармашылықты тастаған жоқ. Әркім өзінің өнерін дамытып жатыр. Топты қайта құру ойда жоқ. Өйткені әрқайсысының жеке бизнестері де бар. Енді бірігуіміз қиын”, – деді Роман. 

Бүгінде топ мүшесі әншілікпен қатар жарнамалық роликтерде де төбе көрсетіп жүр. 

“Әншінің ән жазуы – жаңалық емес. Ол – жұмысы. Әндер жазылып жатыр. Одан кейін жарнамалық роликтерге актер ретінде шақырылдым. Бұл да бір өзіме тәжірибе. Қазір мобайл қосымшасында түрлі заттарды сатып алатын немесе сататын платформа жасадым. Сату тақтайшасы дейді. Осыны шағын кәсібім деп атасам болады. Өнерден бөлек бизнесті де қолға алғым келеді. Бірақ өнер мен сахна бірінші орында. Мойындаймын, өнерден алшақтап қалдық. Пандемия да әсер етті. “До Мажордың” кезіндегідей дүрілдеген жоқпын. Бірақ өнерден ешқашан да қол үзбеймін”, – деді экс топ солисі.   

“Басымыз көтерілмей жатыр”

“Ақ қайыңның қасында, қыз бен жігіт кездесті” деп әндеткен “Бақай” тобы да – тағдыры белгісіз топтың бірі. Алайда топ мүшесі Бекберді Шәріп бұл сөзімізді жоққа шығарды. 

“Әлі күнге дейін “Бақай” тобы бар. Әзірге бағытымыз жаман емес. Бұрынғыдай телеарнаны ешкім көрмейді. Әлеуметтік желі дамыған заманда ешкім теледидар қарамай кетті. Екіншіден, қазақ әндерінің заманауи бағытқа өтіп жатқан тұста өнерге келіп, жолымыз ашылды. Қазір неше түрлі стилді көреміз. Шетелдік эстрада қосылды. Соның әсерінен де ұмытылып барамыз. Басымыз көтерілмей жатыр”, – деді әнші. 

Сондай-ақ өнер иесі топтағы жаңалықтарын да бөлісіп, жаңашыл бағытта жарыққа шығатындарын айтты. 

“Бірақ топ тарқаған жоқ. Бірқалыпты жұмыс істеп жатырмыз. “Азия” тобымен жарыққа шықтық. Қоғамдағы келеңсіз мәселелерді әнге арқау еттік. “Атың өшкір кредит” әні кеңінен таралды. Енді жаңа бағытты қолға алып жатырмыз. Өзімізді де жаңаша қырымыздан таныламыз деп сенемін”, – дейді топ солисі. 

Еске салайық, бұған дейін “Нұрлан мен Мұраттың”, Тахмина Әшімбекованың қайда жүргендерін жазған едік. 

Талқылау