Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жоба орындаушысы – мәслихат депутаты": Сәтпаев қаласында 78 миллион теңгеге сериал түсіріліп жатыр

Фото: Amanat партиясы

Сәтпаев қаласының әкімдігі әлеуметтік сериалды түсіруге 78,5 миллион теңге жұмсамақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сәтпаев шенеуніктері жоба тек әлеуметтік сипатқа ие дейді.

“Президент креативті индустрияның дамуын инклюзивті экономиканың маңызды бағыты ретінде белгіледі. Сол себепті өңірлік деңгейде “Не керек?” деген 10 сериядан тұратын өнім шығады. Жобаның мақсаты – жастарға нашақорлық, лудомания және тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупі туралы ескерту, сондай-ақ Сәтпаев жастарының әлеуетін көрсету”, – деп түсіндірді Сәтпаев қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі.

Жоба орындаушысы облыстық мәслихаттың депутаты Еркебұлан Молдашев болып шықты. Әкімдік жергілікті таланттарды қолдағысы келетінін айтып ақталды.

“Техникалық және шығармашылық мүмкіндікті ескере отырып, жергілікті таланттарды қолдау үшін шарт тікелей "ErNarMedia" ЖШС-мен жасалды. Шешім ішкі аудит пен монополияға қарсы органның келісімімен "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңына сәйкес қабылданды, –  деп мәлімдеді әкімдік.

Әкімдік түсіндіргендей, шығындардың негізгі бөлігі кәсіби актерлердің еңбек ақысына және кино жабдықтарын жалға алуға бағытталған.

Алғашқы үш серия көрерменге ұсынылды, екеуі YouTube-те қолжетімді. Әр апта сайын жаңа серия шығады. Онлайн көрсетілім аяқталғаннан кейін сериал "Ulytau" және "Aqsham"телеарналарына ұсынылады.

Ұлытау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті осы жайт бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

“Осы мәселе бойынша өтініш келіп түсті. Өтініш бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаментіне тиісті қорытынды алу үшін қайта жіберілді. Қазір материалдар Ұлытау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жіберілді. Бұл кезеңде түсініктеме бере алмаймыз, – деп хабарлады Ұлытау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

Еске салсақ, Абай облысының жаңа әкімі 400 миллион теңгеге жиһаз алмақ болғаны айтылды.

Рысбек Арапханұлы
Сейсенбі, 24 Маусым, 2025 14:11
Талқылау