"Жылқы еті, брокколи салаты, қаймақ пен жент": Денсаулық сақтау министрлігі оқушыларға арналған жаңа мәзір әзірледі
Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі мектептердегі мәзірге түбегейлі өзгеріс жасайтын жобаны әзірледі. Газдалған тәтті сусындардың орнына хош иісті итмұрын шырыны, майлы тұздықтардың орнына жеңіл қаймақ, жылқы еті мен көкөніс салаттары ұсынылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "24KZ" порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Енді мектептерде мәзірді әзірлеуде майы аз сүт пайдаланылады. Қант пен тұздың мөлшері азайтылады.
Газдалған тәтті сусын хош иісті итмұрын шырынымен, майлы тұздықтар жеңіл қаймақпен алмастырылады. Оқушылар брокколи мен бұршақ салаттарын таңдай алады. Жылқы еті мен сиыр етінен жасалған тағамдар, пробиотикалық йогурттар, тіпті жент сияқты дәстүрлі тағамдар да ұсынылады. Бұл стандарттар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына негізделген.
“Бірінші кезекте бұл Қазақстанда жүргізіліп жатқан зерттеулерге байланысты жасалды. Мұнда 6 мен 10 жас аралығындағы әр бесінші бала артық салмақ пен семіздікке шалдыққан. Бұл өте көп және саны әлі де өсіп жатыр. Мұның негізігі себебі – үнемі қант, май, трансмайлар бар жоғары калориялы, тағамдарды тұтыну”, – деді ЮНИСЕФ Қазақстан ұлттық тамақтану жөніндегі консультанты Ақкүміс Салханова.
Өткен жылдың соңында Денсаулық сақтау министрлігі мектеп оқушыларының диетасына өзгерістер қажет екенін айтты. Мектептегі түскі ас кезінде қант пен тұз деңгейі үш есе төмендеді. Бұл семіздік, қант диабеті және жүрек ауруы сияқты аурулардың қаупін азайту үшін жасалып отыр.
“Қанттың адам ағзасындағы тәуліктік мөлшері 4,5 миллиграмнан аспауға тиіс. Егер көрсеткіш қалыптыдан жоғары болса, бұл ұйқы безінің дұрыс жұмыс істемеуіне әкеліп соғады. Бұл жағдайда ағзадағы қант деңгейі жоғарылайды және қант диабетінің алғашқы белгілері пайда болады. Қанттың ғана емес, тұздың да нормасын сақтау керек. Егер денеде тұз жеткіліксіз болса, бұл су балансының бұзылуына әкеледі. Бұлшықеттің жиырылуы, жүйке спазмы, буындар мен сіңірлердің құрысуы сияқты белгілер пайда болуы мүмкін”, – деді нутрициолог Бағай Назарбайұлы.
Сондай-ақ мектептегі түскі астардың сапасын бақылау үшін Қазақ тағамтану академиясы ЮНИСЕФ-пен бірлесіп әзірлеген арнайы онлайн ресурс құрылды. Бұл тағамдардағы ақуыз, май және көмірсуды тексеруге мүмкіндік береді. Мұндай құрал аспаздардан бастап ата-аналарға дейін барлығына қол жетімді.
Мектептерде ата-аналар құрған бракераждық комиссиялар жұмыс істейді. Олар тағамдардың сапасын тексеріп тұрады.
“Біз бір ай ішінде екі рет, ата-аналардан қандай да бір ескертулер болған кезде үш-төрт рет апта сайын тексереміз. Ата-аналар комитетінің чаты бар. Онда ескертулер болса, барып тексереміз. Алдымен мөлшерін, кейін дәмін тексереміз. Компот, желе сияқты тым тәтті немесе тым дәмсіз болған кезде де қараймыз”, – деді бракераж комиссиясының мүшесі Анаргүл Өтепбергенова.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жаңа стандартты ақпан айының басында енгізу жоспарланып отыр.