Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жылап, айғайлап, пәк екенімді айттым": Қазақстандық қыз топтық зорлық-зомбылық құрбаны болғанын айтты

Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалған

Семей қаласының тұрғыны топтық зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын айтып, мәлімдеме жасады. Оның сөзінше, күдіктілер қамауда отырса да, қысым көрсетіп, қоқан-лоқы жасауды жалғастырып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қыздың айтуынша, қылмыс 2025 жылы 29 мамырда таңғы сағат 04:00 шамасында болған. Ол жігіттермен OmeTV платформасы арқылы танысқан. Кейін олар қызды кездесуге шақырған.

“Хата” дегеннің не екенін, олардың қандай ойы барын білмедім. Аңғал едім, қауіп төніп тұрғанын түсінбедім”, - дейді ол.

Жәбірленушінің айтуынша, 18 және 20 жастағы жігіттер оны алдап пәтерге кіргізіп, телефонын тартып алған және бөлмеден шығармай қойған. 

“Телефонымды алып қойып, ата-анама да, достарыма да хабарласуға мүмкіндік бермеді. Мені күштеп ұстап, кезек-кезек зорлады. Қол-аяғымды қысып ұстап, денем тырысып қалғанға дейін жібермеді. Жылап, айғайлап, босатуды өтіндім, пәк екенімді айттым. Бұл жағдай шамамен екі сағатқа созылды”, – деп жазды ол.

Фото: Видеодан скрин

Олар қызды аяғы жансыздана бастаған кезде ғана босатқан. Осы жағдайдан кейін қыз Астанаға кетіп, болған жайтты ұмытқысы келген. Алайда, уақыт өте келе күдіктілердің бірі қайтадан байланысқа шыққан.

“Қатты қорықтым. Жеңгеме айтқан едім, ол ағама жеткізді. Ағам Семейге қайта келуді сұрады. Егер бармасам, зорлық жасады деген күдіктілерге зиян келтіретінін айтты. Мен ағамның өмірі үшін қорықтым”, – дейді жәбірленуші.

Қыз қылмыстық іс қозғалған соң ауыр психологиялық қысымға тап болған.


Алматыда шетелдік студент 17 жастағы қызды зорламақ болған деген күдікке ілінді


"Қолын тіліп, жазу жазған": Ақтауда жасөспірімдер оқушы қызды қорлап, зорлады деп айыпталды


“Бойымды үрей билеп, денем тырысып, шашымды жұлып тастайтын хәлге түстім. Үш ай бойы телефонсыз өмір сүрдім. Себебі, көпшілік зорлаған адамдарды емес, зорланған мені айыптайды”, – дейді ол.

Оның айтуынша, күдіктілер тергеу изоляторында отырса да, қызға телефон арқылы қоқан-лоқы жасаған. 

“Олар басқа қыздарға да хат жазып жүр. Таныстары арқылы маған қоқан-лоқы жасатып, бір айдан кейін бостандыққа шығатынын сенімді түрде айтып жүр. Менде айғақ-дәлелдер жетерлік”, – деп мәлімдеді ол.

Қыз Instagram сториздерінде өз қауіпсіздігі үшін алаңдайтынын хабарлаған. 

“Егер олар менің өлімімді қолдан ұйымдастырса ше? Көлік қағып немесе өз-өзіне қол жұмсағандай етіп көрсетсе ше? Мен жеті ай бойы үндемедім, оларды аядым. Ал мені кім ойлайды?”, – деп жазды ол.

Ал полиция қылмыстық істің сотқа жолданғанын хабарлады.

“6 қараша күні қылмыстық іс сотқа жіберілді. Қазір іс бойынша сот талқылауы жүріп жатыр”, – делінген хабарламада. 

Сот кабинеті деректеріне сәйкес, күдіктілердің біріне қатысты қылмыстық іс 2025 жылы 7 қарашада тіркелген. Қазір сот процесі жалғасып жатыр. Ал үкім жақын арада шығарылады. 

Айта кетейік, бұған дейін Ер адам 13 жыл бойы әйелін есірткі беріп ұйықтатып, достарымен бірге зорлап келгені туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 14 Қаңтар, 2026 12:54