Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жыл соңында Ұлттық қор қаржысы тағы 2 триллион теңгеге азаяды

Ұлттық қор қаржысы 2024 жылдың соңына дейін тағы 2 триллион теңгеге азаяды. Үкімет қор бюджетін нысаналы трансфертке жұмсамақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Stan.kz

Қазақстандық шенеуніктер Ұлттық қор қаражаты өңірлердегі инфрақұрылымды жақсартуға бағытталатынын айтады. Мысалы, ұлттық экономика министрінің айтуынша, ақша облыстарды дамытуға құйылған соң экономикалық өсім болады. Сондай-ақ қор қаражаты мұнай өндірісі есебінен үздіксіз толықтырылып тұрады екен.

“Қазір Ұлттық қор тікелей өз қызметін атқарып жатыр, яғни ахуалды тұрақтандырып отыр. Сондықтан біз осы мүмкіндікті пайдаландық. Себебі біз де өңірлердегі мәселелерді реттеп, міндеттемелерімізді жабуымыз қажет. Ал бюджет түсімі мен кірісін тұрақтандыру үшін екі жылдай уақыт керек. Осы 2-3 жылда жағдайды тұрақтандыруға тырысамыз. Осылайша, 2026-2027 жылдары Ұлттық қордан нысаналы трансферттер тартылмайды”, – дейді Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.

Шенеуніктер бюджет әлеуметтік бағытқа бағдарланғандықтан, Ұлттық қордан қаржы алуға мәжбүр екенін айтады. Яғни, қаражаттың 60%-ы денсаулық сақтау, жұмыспен қамту секілді секторларды қаржыландыруға, әлеуметтік төлемдерді өтеуге кетеді. Ал даму бюджеті небәрі тек 10%, яғни екі триллион теңге.



Мысалы, кейінгі үш жылда республикалық бюджет шығыны 9 триллион теңгеге өскен. Себебі жыл сайын шәкіртақы, зейнетақы секілді төлемдердің мәні өзгереді. Ол қосымша шығынның мөлшері 1 тирллионға тең. Осы аралықтағы табысы 5 триллион теңгеге артқан. Қаржы министрі қор қаржысы дәл осы мәселені шешу үшін қажет болғанын айтады.

Бұған дейін Тимур Сүлейменов Ұлттық қордан балаларға берілетін төлемақы мөлшерін көтеру туралы айтқан еді.

Талқылау