Тәуелсіздік жылдарынан бері 1 миллионнан аса этникалық қазақ елге оралды
Биыл жыл басынан бері 16 535 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 144,9 мың этникалық қазақ оралды.
“Жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың 45,9%-ы Қытайдан, 39,2% – Өзбекстаннан, 5,8% – Моңғолиядан, 5,2% – Түрікменстаннан, 2,8% – Ресейден және 1,1% басқа елдерден. 2024 жылы 1 қарашадағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 57,4% болды. Ал еңбекке қабілетті жастан кішіле 33,2% және зейнеткерлер 9,4% болды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,8%-ы жоғары білімді. Ал 24,8%-ы орта кәсіби білімді, 54,4%-ы жалпы орта білімді және 3%-ында білім жоқ”, – делінген хабарламада.
Министрлік мәліметінше, қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанған. Сондай-ақ қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер анықталды. Олар, Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 3 033 адам болды. 2024 жылы 1 қарашадағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2 841 қандас қоныс аударды.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады:
- бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде;
- ұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.
Жыл басынан бері 2 390 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 763 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Айта кетейік, бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл 12 мың 325 этникалық қазақ елге оралып, қандас мәртебесін алғанын мәлімдеген еді.