Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Жыл басы оңай болмайды» – Тимур Сүлейменов қосылған құн салығының инфляцияға әсері туралы

сүлейменов инфляция туралыФото: Ұлттық банк

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов салық реформасына бейімделу инфляцияға қосымша қысым жасайтынын, сондықтан реттеуші 2026 жылдың бірінші жартысының соңына дейін базалық мөлшерлемені төмендетуді жоспарламайтынын айтты.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Журналист оған базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтау шешіміне не әсер еткені туралы сұрады.

Сүлейменовтің айтуынша, қазан айында инфляция 12,9%-дан 12,6%-ға төмендегеніне қарамастан, елде инфляциялық қысым әлі де өте жоғары болып отыр. Инфляция тарифтердің уақытша тоқтатылуы есебінен біршама тежелгенімен, бұл әсер айтарлықтай болмады. Сонымен қатар бағаны реттеуге тәуелді емес негізгі инфляция бір айда 1,1% деңгейінде сақталды.

"Инфляция динамикасында да, оның құрылымында да айтарлықтай жағымды өзгерістер байқамадық. Сонымен қатар келесі жылдың басы оңай болмайтынын көріп отырмыз. ҚҚС өсімінің және салық реформасының белгілі бір бөлігі алдын ала бағаларға енгізілгенімен, инфляцияға қосымша ықпал ететін факторлар міндетті түрде болады. Олар қандай болатынын және қаншалықты күшті болатыны 2026 жылғы қаңтар–наурыз айлары белгілі болады", - деді Ұлттық банк басшысы.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, 2026 жылдың алғашқы айларында кәсіпкерлер 12% орнына 16% ҚҚС төлеуге мәжбүр болатын кезде, сондай-ақ өздері пайдаланатын тауарлар мен қызметтердің де қымбаттауын сезінгенде, бұл олардың бағаларды қайта қарауына әсер етуі мүмкін.

"Экономика салық реформасына бейімделеді. Бұл шешім дұрыс болды деп есептеймін, ауыр болса да қажет еді. Бірақ оған бейімделу де оңай болмайды, белгілі бір уақытты талап етеді. Сондықтан инфляциялық тәуекелдердің тепе-теңдігі сақтала береді", - деді ол.

Сүлейменовтің айтуынша, Ұлттық банк инфляцияны тежеу үшін қабылдап жатқан шаралар біртіндеп әсер етеді.

Айта кетейік, инфляция 2026 жылы 9,5–12,5%, 2027 жылдың қорытындысы бойынша 5,5-7,5% деңгейінде болжанып отыр.

Еске сала кетейік, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бұрынғы 18% деңгейінде сақтап қалды. Бұл шешім 2025 жылдың 28 қарашасында Ақша-кредит саясаты комитетінің отырысы қорытындысы бойынша қабылданған.

Рая Мінәп
Жұма, 28 Қараша, 2025 17:46