Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жігіттердің аяқ-қолын ұстаған": Қытайда пранк түсіргені үшін басы бәлеге қалған блогер енді Өзбекстанда көзге түсті (видео)

бұл жолы Өзбекстан метросындаФото: Видеодан скрин

Даулы пранктерімен танылған қазақстандық блогер Аружан Айбекова бұл жолы Өзбекстанда көзге түсті. Ол Ташкент метросында жігіттердің қолынан, аяғынан ұстап контент түсірген. Оның бұл әрекеті желіде қызу талқыға түсіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Блогердің кезекті әлеуметтік эксперименті Ташкент метросында түсірілген. Блогердің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған жаңа видеода ол бейтаныс жігіттердің қасына отырып, кенеттен олардың қолынан ұстап немесе аяғына қол тигізеді. Сол сәтте жігіттер блогердің ерсі әрекетінен ыңғайсызданып, қолын итеріп жібереді немесе басқа орынға ауысып кетеді.

Видео түсініктемесіз жарияланғандықтан, көрермендер эксперименттің нақты мақсатын түсінбей қалды.

Өзбекстандық желі қолданушылары видеоны сынға алып, ашу ызасын білдірді. Жергілікті басылымдар атап өткендей, Ташкентте қоғамдық көліктегі сексуалдық қол сұғушылық тақырыбы әзілге айналдырар жай мәселе емес.

"Әр апта сайын автобус пен метро ішінде ер адамдардың әйелдер мен қыздарға тиіскені туралы хабарлар тарап жатады. Құқық қорғаушылар мен қоғам белсенділері қауіпсіз орта қалыптастыру үшін күресіп, барын салып жатыр. Ал осындай жағдайда Айбекованың пранкі өзгенің қайғысын елемеудің айқын көрінісі іспетті. Метро ішінде шынайы түрде харассментке ұшыраған әйелдер бұдан ешқандай күлкілі нәрсе көрмес еді”, – деп жазылған өзбекстандық жарияланымда.   

Басылымның мәліметінше, блогерге Өзбекстанда әкімшілік жаза қолданылуы мүмкін. Бұған дейін елде қоғамдық орында арандатушылық әрекет жасаған бірнеше блогер әкімшілік қамауға алынып, бес тәулікке дейін ұсталған жағдайлар болған екен.

Еске салсақ, осыған дейін Қытай полициясы пранк түсірген қазақстандық блогерге қатысты тексеріс бастағанын  жазғанбыз. Кейіннен блогер Қытайда түсірген пранк үшін көпшіліктен кешірім сұраған еді. 

Жұмаділлә Нұрила
Жексенбі, 19 Қазан, 2025 15:22
Талқылау