"Жібек жолы 2.0": Ұлыбритания неліктен кенеттен Орталық Азияға қызыға бастады

Бүгін, 26 ақпанда Лондонда Ұлыбритания мен Орталық Азияның бес елінің сыртқы істер министрлері кездеседі. BBC Ұлыбританияның неге осы уақытқа дейін көп жыл бойы елеусіз қалдырған аймаққа аяқ астынан ерекше қызығушылық таныта бастағанын талдап көрді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
1990-2000 жылдары Орталық Азиядағы бес мемлекет Ұлыбритания үкіметтерінің назарында шеткері орында болды. Жоғары деңгейдегі байланыстар аз еді. 1991 жылы Кеңес Одағы ыдыраған кезде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан тәуелсіз елдерге айналды. Соған қарамастан Лондон бұл өңірге әлі де Ресейдің “артқы ауласы” ретінде қарады.
Кейбір ұлыбританиялық сарапшылар әлі күнге дейін бұл аймақты “Ұлы ойын” деп аталатын тарихи бәсеке аясында қарастырады. Бұл – Орталық Азиядағы ықпал үшін Ресей мен Ұлыбритания империяларының тартысы. Ақырында Ұлыбритания бұл тартыста жеңіліп қалған.
Кейінгі жиырма жылда Ауғанстанға іргелес орналасқан бұл өңір Батыс елдері үшін терроризмге қарсы күресте маңызды серіктес болды. Алайда 2021 жылғы тамызда Ауғанстанда билікті тәліптер басып алғаннан кейін, бұл бағыттағы ынтымақтастық негізінен тоқтатылды.
Ұлыбритания Қауымдар палатасының Сыртқы істер комитеті үш жыл бұрын жариялаған “Таңдау торабындағы елдер: Ұлыбританияның Орталық Азия істеріне қатысуы” атты баяндамасында бұл қатысуды “өкінішті түрде жеткіліксіз”, реактивті және қысқа мерзімді міндеттерді шешуге ғана бағытталған деп бағалады.
Комитет Ұлыбритания үкіметіне Орталық Азия бойынша айқын әрі құндылықтарға негізделген саясат қалыптастыру қажет екенін айтып, “Қытаймен немесе Ресеймен бәсекелесуге тырыспай, Орталық Азия елдерінің басшылығына өзге баламалар ұсынуы керек” деп мәлімдеді.
Мұны айту оңай, орындау қиын. Өйткені Орталық Азияда Ресей мен Қытай үстемдік етеді: Ресей – экономикалық қуаты мен инвестиция көзі ретінде, ал Қытай бұл елдердің ең ірі сауда серіктесіне айналып үлгерді.
Бұған қоса, бұл өңір Украинадағы соғысқа байланысты Батыс енгізген санкцияларды айналып өту үшін Ресейге ыңғайлы қақпаға айналды. Яғни “параллель импорт” осы аймақ арқылы жүріп жатыр. Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігі мұны біледі және “санкцияларды айналып өту мәселесі бойынша Қазақстан және Өзбекстанмен өте белсенді жұмыс істеп жатқанын” мәлімдеген.
Ендеше, неге Ұлыбритания дәл қазір осы алыс өңірге қызығып отыр?
Біріншіден, бұған брексит себеп.
Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуы Орталық Азиямен экономикалық байланыстарға әсер етті. Жаңа кедергілер пайда болғаннан кейін Ұлыбритания “Дамушы елдермен сауда механизмі” атты өз бағдарламасын іске қосты. Соның аясында Өзбекстан алғашқы болып мыңдаған тауар түрін кедендік бажсыз экспорттау құқығына ие болды.
Тәжікстан мен Қытайдың бірлескен тау-кен кәсіпорнындағы жүк аударғыш. Фото: AFP via Getty Images
Сонымен қатар Ұлыбританияда Еуропадан тыс елдерден келетін еңбек мигранттарына сұраныс артты, әсіресе ауыл шаруашылығында. Сол себепті ол Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтарына арналған виза талаптарын жеңілдетті. Кейінгі бірнеше жылда маусымдық жұмыс визасымен Ұлыбританияға Орталық Азиядан шамамен он мың адам барған.
Парламенттің Сыртқы істер комитеті көптеген сарапшы тек берілетін визалар санын емес, қамтылатын мамандықтар тізімін де кеңейтуді ұсынып отырғанын атап өтті. Бұл тізімге сантехниктерді, электриктерді және денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін қосу ұсынылған.
Екіншіден, стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар.
Орталық Азияда литий, уран және сирек жер металдарының қоры бар. Олар Ұлыбританияға “жасыл” экономикаға көшу мен жоғары технологиялы өнеркәсіп үшін қажет. Бұған қоса, мұнда болат өндірісінде және батарея жасауда қолданылатын марганец пен хромның да мол қоры бар.
Ұлыбритания үкіметінің “2035 бағдарламасы: стратегиялық маңызды минералдармен қамтамасыз ету стратегиясы” атты құжатында ел бұл пайдалы қазбаларды жеткізудің сенімді әрі тұрақты арналарына басымдық беруге тиіс деп көрсетілген.
АҚШ президенті Дональд Трамп та Орталық Азиямен қарым-қатынасты нығайтуға тырысып жатыр. Қарашада ол аймақтың бес көшбасшысының қатысуымен саммит өткізді, ал ақпанда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевті (сол жақта) және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты (оң жақта) өзінің Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысында қабылдады. Фото: Getty Images
Орталық Азиядағы кен орындарына қол жеткізуге басқа елдер де кірісіп кеткен. Былтыр қарашада АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде C5+1 форматындағы саммит өткізді: АҚШ және Орталық Азияның бес елі. Америка Құрама Штаттары сирек жер металдары мен стратегиялық маңызды минералдардың импорт көздерін әртараптандырғысы келеді, өйткені қазір олардың басым бөлігі Қытайдан келеді.
Үшіншіден, Лондон “жұмсақ күшке” сүйеніп отыр.
Орталық Азияда Ұлыбритания университеттеріне үлкен құрметпен қарайды, ал Лондон мұны өңірдегі өз мүддесін ілгерілетуге көмектеседі деп санайды. Нәтижесінде кейінгі жылдары ұлыбританиялық және орталықазиялық университеттер арасындағы серіктестік келісімдерінің саны артқан.
Лондондағы British Foreign Policy Group сараптама орталығының пікірі бойынша, білім саласындағы байланыстар сауда қатынастарына да оң ықпал етеді. Сарапшылардың айтуынша, “серіктестің Ұлыбритания мәдениетіне тартылуы оның Ұлыбританиямен сауда жасауға дайындығын 7% арттырады”.
Алайда Орталық Азия басшыларының негізгі серіктестері әлі де Владимир Путин (ортада) бастаған Ресей мен Си Цзиньпин (сол жақта) бастаған Қытай болып қала береді. Суретте 2024 жылғы ШЫҰ саммиті. Фото: AFP via Getty Images
Ұлыбританияның сауда жөніндегі өкілі лорд Джон Олдердайс бірнеше күн бұрын Ташкентке барған сапарында ел үкіметі Орталық Азияда инфрақұрылымды дамыту мен пайдалы қазбаларды “жауапты” игеруді қолдайтынын, бұл үшін 4 миллиард фунт көлемінде экспорттық кепілдік берілетінін растады.
Ұлыбритания білімі мен қаржылық қызметтерден бөлек, Орталық Азияға технологиялар мен жабдықтар да барған сайын қажет болып отыр. Мысалы теміржол тораптары, әуежайлар және шекаралық өткізу бекеттеріне арналған техникаға қызығушылық артып отыр.
“Құндылыққа негізделген ұстаным”
Ұлыбритания Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасты өз құндылықтарына сүйеніп құрғысы келеді. Бірақ бұл өңірде экономикалық ынтымақтастық пен адам құқықтарын қорғау арасында тепе-теңдік сақтау өте қиын. Ресей мен Қытайға бұл жерде сауда қатынастарын жүргізу жеңілірек, өйткені олар жергілікті билікті адам құқықтарын бұзды деп жиі сынға алмайды.
Ал Ұлыбритания өз еркіндіктерімен, гендерлік теңдігімен және ЛГБТК+ құқықтарын қорғауымен мақтанады. Ендеше, Орталық Азиямен қарым-қатынасты тереңдетуге ұмтылған Ұлыбритания үкіметі өз құндылықтарына адал болып қалуы керек пе?
Орталық Азиядағы барлық мемлекет белгілі бір деңгейде авторитарлық сипатқа ие. Құқық қорғаушылар бұл өңірді әлемдегі ең “репрессивті” аймақтардың бірі деп санайды. Freedom House ұйымы соңғы баяндамасында бес елдің бәрін де “еркін емес” мемлекеттер қатарына қосты.
Бұрын Қазақстан мен Қырғызстан салыстырмалы түрде азырақ репрессивті елдер саналған еді. Алайда Freedom House дерегіне сәйкес, қазір бұл елдердің билігі де “шоғырланған авторитаризм” жолына түскен.
Өзбекстанда 2023 жылы президент өкілеттігінің мерзімін ұлғайтып, бұған дейінгі мерзімдерді қайта есептеуге мүмкіндік беретін конституциялық өзгерістер қабылданды. Өңірдегі тәуелсіз баспасөз жүйелі түрде қысымға ұшырайды, ал соттар биліктің айтқанынан шықпайтын құралға айналған.
2000 жылдардың алғашқы жартысында Ұлыбританияның Өзбекстандағы елшісі Крейг Мюррей сол кездегі президент Ислам Кәрімовты адам құқықтарын бұзды деп ашық айыптаған еді. Сонымен қатар ол Ұлыбритания билігі өзбек тарапы азаптау арқылы алған барлау мәліметтерін пайдаланды деп мәлімдеді. Осыдан кейін дипломатиялық жанжал туып, Мюррей қызметінен босатылды.
Қауымдар палатасының Сыртқы істер комитеті Орталық Азия туралы баяндамасында бұл өңірде адам құқықтарының мәні дұрыс түсінілмейтінін және олардың іріктеп қана сақталатынын атап өтті.
Баяндамада былай делінген:
“Өзбекстан діни бостандықтар мен мәжбүрлі еңбекпен күрес саласында белгілі бір ілгерілеуге қол жеткізді, бұл құптарлық. Бірақ сонымен қатар Орталық Азияда кейінгі уақытта саяси оппозиция мен баспасөзге қарсы жаңа қысым жағдайлары байқалды. Наразылықтар қатыгездікпен басылады, азаптау туралы шағымдар қалыпты құбылысқа айналған, гендерлік зорлық-зомбылық әлі де күрделі мәселе, сайлаулар еркін де әділ емес, ал қылмысқа айыпталғандарға әділ сот құқығы қамтамасыз етілмейді”.
Адам құқықтарынан бөлек, парламент комитеті Ұлыбритания Орталық Азиямен қарым-қатынаста “лас ақша” мәселесін де көтеруге тиіс деп есептейді. Комитет мұндай қаражат Ұлыбританияға да ел арқылы да өтіп жатыр деп бағалап отыр.
Ұлыбритания өз “құндылыққа негізделген ұстанымын” басшылыққа алып, Орталық Азия елдерінің басшыларымен өтетін саммиттерде бұл сындарды ашық айта ма? Әсіресе Трамп секілді өзге лидерлер экономикалық пайда үшін бұл мәселелерді көбіне елемейтін кезеңде.
Тағы бір маңызды сұрақ: Орталық Азия басшылары оны тыңдай ма? Оның үстіне Ұлыбритания өзі шетелдік көмекке бөлінетін қаржыны қысқарту арқылы ықпал тетіктерінің бір бөлігін әлсіретіп алды. Елдің Сыртқы істер министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2024-2025 жылдары Ұлыбритания Орталық Азияға даму көмегі ретінде бар болғаны 12,7 миллион фунт бөлген. Ал бұған дейін мұндай қысқартулар жасалмай тұрған кезде, бір ғана Тәжікстанның өзі Ұлыбританиядан жылына 15-20 миллион фунт алып отырған.
"Жоғары жалақы, тегін үй мен тамақ, соңғы үлгідегі MacBook": Италиядағы халықаралық мектепте сабақ беретін қазақстандық ұстаздық жұмысы жайлы айтты