Жетісуда Балқаш жағалауын абаттандыруға 2,4 миллиард теңге жұмсалмақ

Фото: Gov.kz
Жетісу облысында Балқаш жағалауын абаттандыруға бюджеттен 2,4 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Жоба аясында жағажайға жасанды пальмалар мен композитті мәрмәр тастан жасалған тапшан орнату көзделген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ProTenge Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәліметке сүйенсек, Сарқан ауданының құрылыс бөлімі жариялаған конкурс құжаттарында жобаның сметасы да көрсетілген. Соның бірінде 1,4 миллиард теңгеге есептелген шығындар тізімі жарияланған.
Жоба аясында композитті мәрмәр тастан жасалатын кейбір бұйымдардың құны көпшіліктің назарын аудартқан. Атап айтқанда, өлшемі 3х5 метр болатын үш киім ауыстыратын орынға 86,4 миллион теңге қарастырылған. Яғни әрқайсысының құны шамамен 29 миллион теңгеден келеді.
Бұдан бөлек, дәл осы материалдан жасалатын 100 LOUNGE тапшанға 44,9 миллион теңге жұмсау жоспарланған. Сондай-ақ жағажайға орнатылатын 25 жасанды пальмаға 22,7 миллион теңге бөлінуі мүмкін.
Желі қолданушылары бұл жобаны өзге өңірлердегі жағажайларды абаттандыру тәжірибесімен салыстырып отыр. Мәселен Павлодарда жағажай инфрақұрылымы қарапайым ағаш лежактармен жабдықталғаны айтылған.
Конкурс әлі жалғасып жатыр.
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді