Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жетісу облысының тұрғындары 20 жыл бойы құдықтан тұзды су ішіп жүр

Жетісу облысы Талдықорған іргесіндегі Қызылтас саяжайының тұрғындары 20 жылдан бері құдықтан тұзды су ішіп келеді. Халықтың сұрауымен елдімекенге су құбырын тартуға бюджеттен миллиондаған қаражат бөлінген екен. Алайда екі жыл бұрын басталған жұмыс әлі аяқталмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Ауыл тұрғыны Райымбек Садырбаев 8 жылдан бері ауыз суды қаладан тасып ішіп отырған. Күніне кемінде 10 литр су сатып алатын көрінеді. Ол тұрмысқа қажет суды есік алдындағы құдықтан алып отыр. 

"Кемпір екеуміз ғана тұрамыз. Бір пластик бөтелке бір күнге бізге жетіп жатыр. Бірақ қиын. Кейде автобуспен, кейде таксимен барып келесің. Одан басқа амал жоқ. Мына суды іше алмаймыз, су өте тұзды", – деді Райымбек Садырбаев.

Ауыз суды Талдықорғаннан тасығанға бәрінің бірдей мүмкіндігі жоқ. Сондықтан көбі амалсыздан тұзды суды ішуге мәжбүр. Негізі Қызылтасқа таза су былтыр берілуге тиіс болған. Алайда мердігер компания жұмысты әлі аяқтамаған.

Талдықорған тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Алмас Барлыбеков мердігерді сотқа бергенін айтады.

"Бөлім тарапынан мердігер мекемені сотқа бердік. Сотпен мекеме жұмысты толығымен аяқтап, халыққа беруге міндеттелді. Қазір бұл жұмыстар аяқталып жатыр. Қараша айының соңына дейін барлық құбырды жуып-шайып тазалап, халыққа су береміз", – деді бөлім басшысы.

Тұрғындардың сөзінше, шенеунік бірнеше мәрте осылай уәде берген. Жұрт жарықтың мәселесі де ұзақ уақыт бойы шешілмей келеді деп күйінді. 

"Біресе көктемде, біресе қазанда қосамыз деп отыр. Сөйтіп ауыстырып отырады. Бірде 15 күннен кейін қосамыз деп кетті Алайда сол күйі су қалды. Жарық жөнінде ешкім ешнәрсе берген жоқ, тек орталық және тағы бір көшеге қойды", – деді Айгүл Бекенқызы.



Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысында тұрғындар ауыз суға зәру екенін айтып, шағымданып жатқанын жаздық. Мұнда осыдан үш жыл бұрын 200 миллион теңгеден астам бюджет ақысына басталған ауыз су жүйесінің құрылысы әлі аяқталмаған. Тұрғындар денсаулыққа зиян ащы суды амалсыз ішіп отырғандарын айтып, наразылық танытты.

Талқылау