Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жетісу облысында жүргізушілер газ таппай жүр

Жетісу облысында көлік жүргізушілері бірнеше күннен бері автогаз таппай жүр. Өткен демалыс күндерінен бастап өңірдегі бекеттердің көбінде сұйытылған газ болмаған. Салдарынан жүргізушілер сағаттап кезекте тұрған еді. Бірақ шенеуніктер барлық мәселе шешілді деп сендірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скриншот

2-3 күннен бері Талдықорғанда газ құю бекеттері бос тұр. Себебі бекеттерде "газ жоқ" деген хабарламалар ілініп, жұмыс уақытша тоқтатылған. Облыс орталығында автогаз тапшылығы өткен аптаның бейсенбісінде басталған. Көлік жүргізушілерінің айтуынша, 3-4 күн  қаладағы жанармай құю бекеттерінің басым бөлігінде сұйытылған газ болмаған. Жалғыз бекетте ғана сатылған отынға ұзын-сонар кезек қалыптасқан.

“Мен әдетте газ құйып жүрген бекеттерде бірнеше күн газ болмады. Олар мұны вагондар бір жерде тұрып қалды деп түсіндірді”, – деді жүргізуші Алан Ахмет.

“Жұмадан бастап газ таппай қойдым. Кеше демалыс күні кезекке тұрып, 7-8-боп тұрып құйып алғанмын. Сонымен ол бітіп қалғаннан кейін таңғы 8-ден бастап бүкіл қаланы айналып шықтым, ешқай жерде газ жоқ”, – деді тағы бір жүргізуші Азамат Болатов.

Жауаптылар газ тапшылығы уақытша ғана болғанын айтады. Өйткені Павлодардан сұйытылған газ жеткізуде бірқатар қиындықтар туындаған екен.

“Бүгінгі күні тапшылық жоқ. Өткен аптада 21-23 желтоқсанда Павлодардағы зауыттан тауарды жеткізуде қиындықтар туындады. Содан бізде бүгін түске дейін кейбір жанармай құю бекеттерінде тапшылық болды. Облыста жағдай қалыпты”, – деп мәлімдеді Жетісу облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бас маманы Азат Қанашжанов.

Жетісу облысына желтоқсан айына 3600 тонна автогаз бөлінген. Енді қосымша тағы 504 тонна жетікізілмек.

Талқылау