Жетісу облысында жөндеу жұмысына 1 миллиард теңге бөлінген саябақтың кейпі сын көтермей тұр
Ақсу және Ескелді аудандарындағы демалатын орын қараусыз қалып, маңайы күл-қоқысқа толған. Жергілікті тұрғындар саябақта демалып, балалар ойнаудан қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Аумағы 19 гектар саябақты қалың шөп басып, ондағы жабдықтар мен балалар ойнайтын алаңдар қирап тұр. Одан бөлек, демалатын орында жиналып қалған қоқыс үйінділері мен өлекселердің иісінен жергілікті тұрған айналып өтуге мәжбүр.
“Қоқыс шашылып жатқан жерге ешкім барып отырмайды. Әр жердің өзінің тиісті орны болуы керек, саябақта демалатын орын үлкен адамдарға, балаларға ойнайтын жер керек. Қаладағыдай әткеншек болса, ойнайтын жер болса”, – дейді Жансүгір ауылының тұрғыны Мейраш Әмірхамза.
4 жыл бұрын жергілікті халықтың сұрауымен бұл саябаққа 505 миллион теңге бөлініп, абаттандыру жұмысы жасалған. Саябақ – 8 мыңдай тұрғыны бар Жансүгір ауылындағы жалғыз демалатын орын. Қазір саябақтың сиқы сын көтермей тұр.
Шенеуніктердің айтуынша, саябақты күтіп-баптаумен айналысатын арнайы мекеме де, оны қалыпқа келтіремін деген кәсіпкер де жоқ.
“Кәсіпкерлерді тартып парктың ішін жандандырсақ деген ойымыз бар. Бірақ ауылдық жер болған соң қызығушылық танытқан кәсіпкерлер аз болып тұр. Сол себепті өз күшімізбен қоғамдық жұмыскерлермен тазалап жатырмыз. Келесі жылға басы бүтін қызығушылық танытқандарға сенімгерлік басқаруға берсек пе деп ойлаймыз. Сондай жоспар бар”, – дейді Ілияс Мұсабаланов.
Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылындағы “Жеңіс” саябағында да жөндеу 2021 жылдан бері аяқталмай тұр. 550 млн теңгеге жуық қаржыны алған мердігер жауапсыздық танытқан. Ал ауыл әкімі өз кезегінде құзырлы органнан серіктестік басшысын жауапқа тартуды сұрап хат жолдаған.