Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жетісу облысында жолдың екі бөлігін су шайып кетті (видео)

Жетісу облысының Ақсу ауданында көктемгі тасқын салдарынан автожолдың екі бөлігін су шайып кетті. Жергілікті билік жолдарды шұғыл қалпына келтіру жұмыстарын бастап кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Жергілікті блогерлер оқиға орнында түсірілген видео жариялады. Видео авторы көлік жүргізіп келе жатып су өткізу құбырының үстіндегі асфальттің бұзылғанын көрсетті. Айтуынша, видео Ақсу ауданындағы Ақсу-Ойтоған тас жолында түсірілген. 

Ер адам көлік жүргізіп келе жатып жол ортасындағы шұңқырға түсіп кете жаздағанын айтты. 

Енді бір видеодан қар суының салдарынан опырылған көпірді көруге болады. Кейін бұл қауіпті көпірдің Б.Сырттанов ауылдық округіндегі Қопа ауылында орналасқаны белгілі болды. 

Болған жағдайдан кейін Ақсу ауданы әкімдігі ресми парақшасында арнайы техниканың көмегімен екі нысанда да қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы үш видео жариялады.

“Облыстық маңызы бар Ақсу-Ойтоған ауылдарының арасындағы автомобиль жолында орналасқан көпірді күннің күрт жылынуына байланысты қар суы шайып кетті. Қазір жол қозғалысы шектелді. Мамандар көпірді қалпына келтіру үшін жұмыс істеп жатыр”, – делінген хабарламада.



Кейін Ақсу әкімдігі Б.Сырттанов ауылдық округіндегі Қопа ауылының кірме жолы қалпына келтіріліп, жол қозғалысының реттелгенін мәлімдеді. 

Сондай-ақ әкімдіктегілер көлік жүргізушілерін қалпына келтірілген жолдармен өткенде абай болуға шақырды. 

Бұған дейін Қостанай облысында зиратты түгелдей су басып қалғаны жайлы жазған едік. 

Талқылау