Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жетісу облысында су тасқынынан зардап шеккендерге берілген үйлердің бірін әкім өзіне меншіктеп алған

Жетісу облысында Қызылағаштағы су тасқынынан кейін салынған үйлерге қатысты дау шықты. Ауыл тұрғындары бұрынғы әкімді үйлердің бірін заңсыз иемденді деп айыптады. Айтуларынша, шенеунік коммуналдық баспананы туысының атына жекешелендіріп алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скриншот

Су тасқынынан кейін ауыл іргесі көтерілгенде 12 үй артық салынып, мемлекеттік тұрғын үй қорына алынған екен. Соның бірі – Смайылхан Жайсанұлы көшесіндегі 6-үй. Тұрғындар арасындағы дау осы баспанадан басталған. Бұл үйде ауылға келген жас мамандар тұрып келген. Алайда 2017 жылы баспана иесіз деп танылып, кейін шенеуніктің туысы жекешелендіріп алған көрінеді.

“Жалған ақпарат беріп, сотты алдап, атына аударып алған. Сол үшін біз шулағанбыз. Ол құжатты қайталап жасап, сол үйге кіргеннен кейін апасының атына аударып алған. Сот шешімі бұзылмаған. Сот шешімі бұзылмаса, ертең кетеді. Қолхат уақыты біткеннен кейін ол үй қайтадан басына қалады”, – деді Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Сәуле Әмитова.

Ауыл тұрғындары шенеуніктің үйді заңсыз алғанына сенімді. Сөздерінше, 2010 жылғы табиғи апатқа дейін оның өзі де, туыстары да Қызылағашта тұрмаған. Мұны қазіргі әкім де растайды.

“2015-2016 жылдар аралығында сол үй Самихов Айдарға мемлекеттік қызметкер ретінде берілді. Кейін апасы пайда болды. Қандай амалмен өздерінің жекеменшігіне аударғанын білмеймін. Бірақ сот шешімі бар. Қазір Самихова сол үйді өзінің жеке меншігіне аудару туралы сот процесі жүріп жатыр”, – деп мәлімдеді Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Нұрлан Досмақов.

Сондай-ақ коммуналдық меншікте қалған тағы 11 үйді тұрғындар ұзақ жылдардан бері жекешелендіре алмай келеді. Ал жауапты мамандар баспаналарды аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің балансына алмақ. Бірақ одан кейін де жекешелендірудің өзіндік талаптары бар.

“Оның екі жолы бар. Бірінші қайтарымсыз меншігіне беруге болады, ол – 1-2 топтағы мүгедек азаматтар, ҰОС ардагерлеріне және оларға теңестірілген азаматтар. Екінші нұсқа – осы санатқа жатпайтын азаматтар қалдық құнымен есептесіп сатып алады”, – деді Ақсу аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Мадияр Нұрахметов. 

Алайда жұрт үйдің тегін берілуін сұрайды.

“Қалай сатып аламыз? Үйдің ақшасын төлейміз бе, балаларымызға тамақ аламыз ба? Киімі, тамағы бар. Оған келіспеймін”, – деді Қызылағаш ауылының тұрғыны Ақмарал Қабимолдинова. 

Дауға айналған үй жекенің меншігіне өте ме әлде коммуналдық үй болып қала ма, ол алдағы сот отырысында шешілмек.

Еске салсақ, 2010 жылы Қызылағашта бөгет жарылып, ауылды су шайып кеткен . Ресми дерек бойынша, табиғи апаттан 45 адам көз жұмып, 600-ден астам баспана қираған.

Талқылау