"Араларында жанжал болған": Жетісу облысында мектеп оқушысы қатарласының аяғын аңшы қаруымен атып жіберген
Жетісу облысы Алакөл ауданының Көлбай ауылында оқушыға оқ атылды. Оқиға жергілікті мектептің 9 және 10 сынып оқушылары арасында болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Қараша айында 2009 және 2010 жылы туған үш мектеп оқушысы Көлбай ауылында қырғауыл атуға шыққан. Облыстық білім басқармасының ресми ақпаратына сәйкес, балалардың біреуі өзімен қатар оқушыға байқаусыздан аяғына оқ атып жіберген.
- "Қорқытып, ұрып-соғып, мазақ қылған": Астанада 9-сынып оқушылары қатарласына жабылып буллинг жасаған
"Жарақат алған бала жедел жәрдем көлігімен Қабанбай ауылындағы ауруханаға жеткізіліп, ота жасалған (диагноз: ашық жіліншіктің оқ жарақаты). Қазіргі уақытта ол Талдықорған қаласындағы облыстық аурухананың жан сақтау бөлімінде, жағдайы тұрақты. Оқушылар аудандық полиция, мектепішілік профилактикалық есепте тіркелмеген. Алакөл ауданының полиция бөлімі тарапынан тергеу жұмыстары жүргізілуде" – делінген хабарламада. е
Оқ атылған қару оқушылардың бірінің әкесіне тиесілі екені белгілі. Балалардың оны қолдануға арнайы лицензиясы болмаған.
Stan.kz тілшісі оқиғаның мән-жайын Көлбай ауылының тұрғындарынан да анықтап білді. Олардың айтуынша, оқушылардың арасында жанжал орын алып, балалардың біреуі қатарласына оқты әдейі атқан.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде оқушыны қатарластары телефон бермегені үшін пышақтағаны туралы жазған едік.