Жетісу облысында екі полицей жігітті жолдың ортасында қуып жүріп ұрған
Жетісу облысында полиция қызметкерлері жас жігітті жолдың ортасында ұрып-соққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Желіде екі полицейдің жас жігітті қуып жүріп ұрғаны түсірілген видео тарады. Кадрлардан қараңғы көшеде екі ер адамның бір жігіттің соңына түсіп, бетіне соққы жасағанын көруге болады.
"Қашып жүрген адам менің ұлым. Ол небәрі 19 жаста. 17 қаңтар күні кешке Ақсу аудандық полиция бөлімінің екі учаскелік полиция инспекторы – Қайсар Жұмағалиев пен Руслан Бестібаев оны ұрып-соққан. Балам бізге ештеңе айтқан жоқ. Тек келесі күні басы мен ішкі ағзалары қатты ауырған соң болған жайды баяндап берді. Ұлым полиция қызметкерлерінің екі жасөспірімді қуып жүргенін көрген екен. Оларға да күш қолданған сияқты. Сол кезде балам олармен сөйлесуге тырысқан. Дегенмен полиция қызметкерлері ұлыма күш қолданған", – дейді жәбірленушінің анасы Сәния Әбдірахманова.
Жәбірленушінің анасы бар жағдайды тыңдап болған соң ұлын ауруханаға жеткізген.
Дәрігерлердің мәліметінше, жігіт бас және дене жарақатын алған. Ол ауруханаға жатқызудан бас тартқан.
Жігіттің ата-анасы Ақсу ауданының прокуратурасына шағымданып, іс материалдары Жетісу облыстық өзіндік қауіпсіздік басқармасына берілген. Тергеу учаскелік инспекторларға қатысты Қылмыстық кодекстің 362-бабы (Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) бойынша іс қозғаған. Осыдан кейін екі полицей өз еркімен жұмыстан босатылған.
Жәбірленушінің анасының айтуынша, үш айға жуық уақыт өтсе де нақты нәтиже жоқ.
"Тек екі инспектор өз еркімен жұмыстан кетті. Тергеушілер оқиға орнынан видео-фотоматериалдар тәркіледі. Қазір сот-медициналық фототехникалық сараптама тағайындалды", – дейді Әбдірахманова.
Осы орайда тергеу неге кешіктірілді, кінәлілер неліктен әлі күнге дейін жазаланбай отыр деген сұрақ туындайды.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Жетісу облыстық полиция департаментінен мән-жайды сұрап білді.
"Өзіндік қауіпсіздік басқармасы билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Бірқатар тергеу әрекеттері мен сот-медициналық сараптамалардың жүргізілуіне байланысты тергеу жалғасып жатыр. Тергеу жүргізіліп жатқан бұрынғы полиция қызметкерлері ішкі істер органдарынан шығарылды. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында", – делінген хабарламада.
Полиция департаменті Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты басқа мәліметтер жарияланбайтынын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Қарағандыда полиция қызметкері жаяу жүргіншіні қағып кеткені туралы жазған едік.