Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жетісу облысында жалғызбасты әке 5 бала тәрбиелеп, кәсібін дөңгелетіп отыр

Жетісу облысындағы Үштөбе қаласында бес баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты әке пробациялық бақылауда тұрса да, көлік дөңгелектерін жөндеу орталығын ашты. Ол бұл үшін мемлекеттен 1,5 миллион теңгеге қайтарымсыз грант ұтып алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия 1 арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Әйелі қайғылы жағдайда көз жұмғаннан кейін бар жауапкершілікті өз мойнына алған. Қазір Бекзат Өтежанов өрт қауіпсіздігін сақтамағаны үшін пробация қызметінің бақылауында тұр. Дегенмен прокурорлар мен жергілікті билік көпбалалы әкеге қолдау көрсетіп, өз көлік дөңгелектерін жөндеу орталығын ашуға көмектесуге шешім қабылдады. 

Қаратал ауданының аға прокуроры Ермек Құсмолданов мемлекет тарапынан 1,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант бөлінгенін айтты. 

"Ол қажетті көлік дөңгелектерін жөндеу жабдықтарын сатып алып, тиісті ғимарат тұрғызды", – деді прокурор.

Үштөбе ауылының тұрғыны Бекен Тебереков ер адамның жақсы адам екенін айтты. 

"Бекзат жақсы адам, ол маған ұлым сияқты. Мен оның көршісімін, жақын тұрамын. Кейде оған көлігімді көрсетемін. Ол нағыз кәсіби маман. Біздің ауданда шиномонтаж орталығы өте қажет еді", – деді ауыл тұрғыны.

Жергілікті тұрғындар көпбалалы әкені қолдайды, ал балалары оған мақтанады. Уақыт өткен сайын жағдай жақсарып келеді. Бүгінде Бекзат Өтежановтың шеберханасы аудан арасында танымал бола бастады.

"Бұған дейін мен 12 жыл бойы автомобиль дөңгелектерін жөндеумен айналыстым. Бірақ сол уақытта мен ғимараттарды жалға алып жұмыс істедім. Әрине, өз орталығың болғаны әлдеқайда жақсы. Маған осындай маңызды сәтте көрсеткен қолдауларыңызға рахмет", – деді жалғызбасты әке Бекзат Өтежанов.

Келешекте көпбалалы әке бизнесін кеңейтіп, өзіне көмекші алу ойында бар.



Еске салайық, бұған дейін Қостанай облысында өрттен бес баласынан айырылған анаға пәтер берілгенін жаздық. Қайғылы оқиғадан кейін арнайы құрылған мобильді топ көпбалалы және әлеуметтік осал отбасыларды аралап, көмірқышқыл газын анықтайтын құрылғыларды тексеріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізілген. Жітіқара ауданының әкімі анаға материалдық көмек көрсетіліп, өтемақы төленгенін хабарлады. Үлкен ұлымен үйсіз қалған әйелге, екі кәсіпорын екі бөлмелі пәтер сыйлаған. Сонымен қатар, тұрмыстық техника мен жиһазбен қамтамасыз етілген.

Талқылау