Жетісу облысы білім басқармасының басшысы өзінің туған әпкесін мектеп директоры етіп тағайындаған
Жетісу облысы білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменовтың туған әпкесі Анар Қыдырбаева бір жылдан бері Алакөл ауданындағы Көлбай ауылындағы Қонаев атындағы мектепте директорлық қызметті атқарып келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Жетісу облысы білім басқармасы
2023 жылдың 16 қарашасында Көлбай ауылының жергілікті мектебіне 20 жылдан кейін жаңа басшы тағайындалды. Бұл лауазымға аудандық білім бөлімінің басшысы Жетісу облысының бас ұстазы – Марат Сүлейменовтың туған әпкесі лайық деп танылды. Бүгінде ол оқу ордасының директоры қызметінің міндетін атқарушы болып жұмыс істейді. Алайда бір жылдан бері мектепке басшы әлі де тағайындалмады.
Оқиғаның анығын білу үшін Stan.kz тілшісі облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменовке хабарласты. Оның айтуынша, әпкесінің қызметке тағайындалуы заңға қайшы емес және ол жөнінде тіпті арнайы тексерістен болған.
"Иә, ол кісі менің туған әпкем. Көлбай ауылының мектебінде қарапайым мұғалімнен бастап, сол білім ордасында бірқатар жауапты қызметтерді атқарды. Ол кісіні директордың міндетін атқарушы етіп тағайындау менің тікелей құзыретімде емес. Ол Алакөл аудандық білім бөлімінің жұмысы. Бұл сұрақты сіздер ғана емес, құзырлы мекемелерде тексерген. Ешқандай заңбұзушылық тіркелмеген. Сондықтан бұл мәселеге қатты көңіл аударудың қажеті жоқ деп есептеймін", – деп айтты Жетісу облысының бас ұстазы.
Айта кетейік, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары тікелей Марат Сүлейменовтың бұйрығымен тағайындалады. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Анар Қыдырбаеваның директор қызметін уақытша атқаруына мұғалімдер мен тұрғындар қарсы болсада, білім бөлімінің басшылыны оған құлақ түрмеген.
Бір жылдан бері директордың тағайындалмауы – конкурсқа қатысуға ниет білдірген ұстаздардың ешқайсысы арнайы тексерістен өте алмаған. Басшылық тарапынан заңды түрде ай сайын байқау өткізіліп жатыр екен.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысының Ханарық ауылында мектеп директоры Юсупжан Қорғанбаев 14 жыл бойы тек өз туысқандарын жұмысқа қабылдаған. Конкурстарға қатысқан жас мамандарды жұмысқа алмағаны үшін сынға ұшырады. Бір жас педагог, Динара Расулова, жоғары балл жинап, комиссияның рұқсатын алғанымен мектепке келгенде директордың туысы жұмысқа алынғанын білген. Басшы бұл әрекетін туыстарының бұрыннан жұмыс істейтінімен түсіндірді. Аудандық білім бөлімі бұл мәселені қарастырып, комиссия мүшелеріне шара қолдануды жоспарлап отыр.