Жетімдер үйінде өскен жігіт анасын қалай тапқанын айтып берді
Дүниеге келген сәтте анасынан ажырап, кейін қайта жолыққан жанның жолы жетістікке толы. Бүгінде би жарыстарында облыстың намысын қорғап жүрген Марат Сейтімов үздіксіз дайындық үстінде.
Тағдыры ауыр болса да еш мойымаған Мараттың өмір жолы өзгеге ой саларлықтай. Ол 1997 жылдың сәуір айының 14 жұлдызында дүниеге келген. Марат дүниеге шыр ете келісімен тағдыр тәлкегіне ұшырайды. Анасы екеуінің жолы екіге айырылады, деп хабарлайды Aktobenews.kz.
«Дәрігерлер өз қателіктерін жасыру үшін анама жалған айтқан. «Балаң көпке бармайды. Мықты дімкәс болып туылады. Бірнеше күннен соң демі таусылатыны анық» деп анама менен бас тартқызады. Көрер жарығым болар, мен дәрігерлер болжамына қарамай тірі қалдым. Перзентханадан сәбилер үйіне жол тарттым. Бірақ, мен тағдырым үшін ешкімге де титтей кінә артпаймын», — дейді Марат.
Марат 2001 жылы Астана қаласындағы балалар үйіне ауыстырылады. Ән айтып, би билеуді, өз қолымен түрлі қолөнер бұйымдарын жасауды меңгереді. Бірақ, жанына жақыны, көңіліне қонатыны би болғандықтан балалар үйінің тәрбиелеушілері оған кәсіби хореограф тауып береді. Марат мүгедек арбасымен өзге қалаларда өтетін би сайыстарына шығатын болды.
Бірақ оның үзілмеген үміті мен өмірдегі үлкен арманы болды. Ол — өз ата-анасын іздеп табу еді. Балалар үйінің жетекші басшыларының және еріктілердің себепші болуымен 2010 жылы «Жди меня» телебағдарламасы арқылы ата-анасына іздеу салып, хабарландыру жасайды. 2011 жыл Марат үшін сәтті әрі құтты жыл болды. Сол жылдары би өнерімен басқа қалаларға шығып, жүлделі орындарға ие болады. Осы жолы ата-анасын тапты.
«Кезекті концерттен құшақ толы гүлмен келген кезімде мені балалар үйінің директорының орынбасары күтіп алды. Іште тәрбиешілерім және психолог, терапевт күтіп отыр екен. Сәния Маратқызы маған қарап тұрып ата-анасының хабарласқанын жеткізеді. Бұл қуанышты хабарды естіген кезде мен бір сәтке есеңгіреп, үнсіз қалдым. Қуаныштан жанарымнан жас тамып, жылап жібердім. Мен іштей ата-анаммен қосылатыныма кәміл сенетін едім. Түйсігім алдамапты», — деп толқынысты сәтімен бөлісті.
Мараттың жетістікке жетелеген жеңістері көп. Бірақ, жігері мол жанның арманы да бар.
«Қазір төрт құбылам түгел екеніне қуанамын. Ата-анам, ағам әрі тілекші қарындасым бар. Отбасыма қосылған соң алға қойған мақсатым білім алу, барлық жерде белсенді болып, болашақта жұмыс істеу. Үй ішіне көмектесіп, көп достар тауып, бала кезімде бірге өскен балалар үйіндегі достарыммен байланысты үзбей, барынша қолымнан келгенше қол үшін берсін деймін. Оларға тілер тілегім – армандары орындалып, жанұяларына қосылсын», — деп тілегін жеткізді.
Болашағынан үміт күттіретін Марат Азиялық деңгейге шығып, биік бәсекелерде бағын сынағысы келетінін де жеткізді. Алдағы уақытта өтетін жарыстарға дайындалып жатыр.
Тағы да оқыңыз:
Оралда күйіп қалған жүкті әйелдің құрсағындағы шаранасы шетінеп кетті
Головкин: Екінші кездесуде «Канелоны» нокаутқа түсірем деп уәде бермеймін
«Ағайынды төртеу» лақап атымен белгілі Еркін Ізбасардың бір жыл бойы жуынбағаны айтылды