Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жеті баланың анасын тұрғын үй кезегінен шығарып тастаған: Сот ұзаққа созылған дауға нүкте қойды

Әйел қолына кілт ұстап тұр

Фото: freepik.com

Жеті баланың анасы мен Астана қалалық тұрғын үй инспекциясы басқармасы арасындағы ұзаққа созылған дауға кассациялық сот нүкте қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жоғарғы сот мәліметінше, әйел 2009 жылдан бері мемлекеттік қызметші және "Алтын алқа" құрмет белгісімен марапатталған көпбалалы ана ретінде пәтермен қамтамасыз етіледі деп жүргеніне қарамастан, тұрғын үй кезегінен шығарылған.

"Үй кезегінен алып тастауға бұрын күйеуі мен туысының атына тіркелген, дау туындаған кезде иеліктен шығарылған жылжымайтын мүлік туралы мәліметтер негіз болған", – делінген ресми хабарламада.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар тұрғын үй инспекциясының әрекетін заңсыз деп танып, әйелдің тұрғын үй кезегін қалпына келтіру туралы қаулы шығарған.

"Әкімшілік істер бойынша кассациялық сот бұл шешімдердің заңдылығын растады. Сот актілерінде "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңының нормаларына сәйкес, "Алтын алқа" белгісімен марапатталған көпбалалы аналар мұқтаж деп танылып, белгіленген тәртіпте есепте тұрған болса, тұрғын үй алғанға дейін кезектен шығаруға болмайтыны баса көрсетілген", – дейді соттағылар.

Сот, сондай-ақ, бұрын санитарлық-техникалық талаптарға сай келмейтін тұрғын үйлердің болуы, егер азамат қазіргі уақытта мұқтаждықты жалғастыра берсе, кезектен шығаруға негіз бола алмайтынын атап өтті. Осылайша, кассациялық сатыда талап қоюшының құқықтары бұзылғаны, ал бұрын қабылданған сот актілері заң талаптарына, әділеттілік қағидаттарына сәйкес келетіні және азаматтардың әлеуметтік осал санатын – көпбалалы аналарды қорғауды қамтамасыз ететіні расталды.

Аида Тақабаева
Бейсенбі, 28 Тамыз, 2025 12:44
Талқылау