Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жеті адам тірідей жанып кетті: Балқаш маңында болған жол апатына кінәлі жүргізушіге үкім шықты

жол апатыФото:Қарағанды облысы полиция департаменті

Жеті адам тірідей жанып кеткен жол апатына кінәлі деп танылған жүргізушіге бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында тасымалдаушы-жүргізуші адамдардың қазасына себеп болған жол қозғалысы ережелерін бұзуға кінәлі деп танылды.

Қайғылы оқиға 2025 жылдың 5 шілдесінде Балқаш маңында болған. Kia Sedona маркалы минивэн жол бойындағы қоршауға соғылғаннан кейін санаулы секунд ішінде өртеніп кеткен. Автокөліктің ішінде жүргізушіден басқа екі әйел мен бес бала болған. Тағы бір жолаушы жүргізушінің қасында алдыңғы орындықта отырған. Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқан әйелдер мен балалар бір отбасының мүшелері болған және демалуға бара жатқан.

Сот деректеріне сүйенсек, Kia жүргізушісі жөндеу жүріп жатқан жол учаскесінде ескерту белгілеріне қарамастан, қарсы жолаққа шыққан. Автокөлік ауыр жүк көліктерін өлшеуге арналған жабдық орнатылатын техникалық шұңқырға түсіп кетіп, жүргізуші рөлге ие бола алмай, автомобиль металл қоршауға соғылған.

Kia Sedona лезде өртеніп кеткен. Ішіндегі екі әйел мен бес бала тірідей өртеніп кетті. Жүргізуші мен тағы бір жолаушы түрлі жарақат алып, Шет ауданының ауруханасына жеткізілді. Олардың біріне орта дәрежедегі дене жарақаты келтірілген.

Жүргізуші кінәсін өзі мойындады. Ол жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтары, жол апатының схемасы, сараптама қорытындылары және қылмыстық істің өзге де материалдарымен дәлелденді.

Прокурор бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушілердің бірі қатаңырақ жаза талап еткен, қалғандары мемлекеттік айыптаушының ұстанымын қолдады. Жүргізушінің қорғаушысы ең төменгі жазаны беруді өтінді.

"Сот үкімімен Д (минивэн жүргізушісі) ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Бұдан бөлек, ол 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушының кәмелетке толмаған баласының болуы және шынайы өкініші ескерілді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Қылмыстық кодекстің 55-бабына сәйкес, мұндай жағдайда жаза мерзімі ең жоғарғы шектің жартысынан аспауға тиіс", – деп хабарлады өңірдің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, кеше Батыс Қазақстан облысында жантүршігерлік жол апатынан 8 адам қаза тапты. Бұған дейін Жетісу облысында 2023 жылы болған жол апатында 5 адам қаза тауып, 8 адам жараланған еді.

Рая Мінәп
Сейсенбі, 18 Қараша, 2025 17:34