Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Жесір келіншек: Күйеуімнің өліміне себепкер полиция қызметкері жазадан құтылып кетпекші
Алматы облысында жесір қалған келіншек күйеуімнің өліміне себепкерлер жазадан құтылуда деп дабыл қағуда. Жолдың қарсы бетіне шығып, апат болдырған көлікті полиция қызметкері тізгіндеген екен. Тек шенді ағасына арқа сүйеп, бар кінәні өзгеге ысыруда дейді. Дөкейлердің қолпаштауымен марқұм жолдасымның қазасына ешкім айыпталмай кетеді деп күйініп отыр. Ал бұған қатысты қарсы тарап не дейді?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Бір ай бұрын баласынан айырылған ана әлі өзіне келе қоймаған. Ұлымен бірге ұйқысы мен күлкісі кетіп, әбден сергелдеңде жүр. Өйткені, артында әкесіз қалған үш бірдей тұяғы бар. Келінін жылатып, немерелерін жетімсіреткендер жазадан құтылып кете ме деп қорқады.
«Анық осы Қаскелеңге қарайтын болса, жазадан құтылады олар. Құтылады. Бәрін сатып алған. Құтылып кетеді. Жазадан да құтылады», – дейді марқұмның анасы Гүлмира Абакова.
Қайғыдан қан жұтып отырған отбасын еңіреткен апат Райымбек даңғылында 3 қараша күні болған. «Мерседес» маркалы көлік әуелі жолындағы біреуін соғып қашады. Сағатына 150 шақырыммен қашқан ол тағы бірін сызып өтіп, қарсы бетке өтіп кетеді. Сонда, Бекболат ауылындағы әке-шешесінің үйіне бара жатқан Мәлік Пірәлиевтің «Тайотасына» бетпе-бет кеп соғып тоқтайды. Қатты соққаны сонша, көліктің алды мыжырайып қалған.
Желіге тарап, көптің ызасын туғызған жүргізуші де жанында болған полиция қызметкері де – Бекболат ауылының тұрғындары. Марқұмның жесірі тәртіп сақшысының ағасы елді мекенде әкім болған соң, көп куәгер сөйлеуге батылы жетпей отыр дейді. Әйтпесе, ауылдан шыққан кезде-ақ ішімдікке тойып алғанын айтады. Тіпті, көлікті тізгіндеген де сол 25 жастағы пагон таққан азамат екеніне сенімді.
«Абдукулов Ельзат отырды рульде. Менде видеолар да бар. Руль жақтан оны шығарып жатқаны түсіп қалған. Енді жолаушы отыратын жақтан аударылып түсіп кетті деп айтып отыр. Ол мүмкін емес. Аяғы сынып жатыр», – дейді марқұмның әйелі Эльмира Пірәлиева.
Яғни үш баламен жесір қалған келіншек кінәлі азамат «дөкей» ағаларының арқасында жазадан құтылып, бар кінәні басқаға ысырып қояды деп алаңдайды. Ал, тәртіп сақшысының шенді ағасының өз шындығы өзінде. Бауырым әлі ауруханада жатыр. Сол күні Алтын орда базарына барып, ауылдасымен үйіне қайтпақ болған дейді. Оқиғаның бәрін жүргізушінің өзі баяндап беріпті.
«Біреуін сырған дейді. Мен өзім болған жоқпын. Көліктің артын лақтырып жіберді дейді. «Мерседес» жеңіл ғой өзі. Сөйтіп қарсы бағытқа шығып кеткен ғой. Ініңіз маған айқайлаған. «Тоқтат көлікті!» – деген. Бап болады деген. «Бірақ, мен естімедім. Жылдамдықты баса беріппін», -деді» – дейді 1 май ауылдық округінің әкім орынбасары Хизат Молдыбаев.
Шенеунік атымызға кір келтірді, елді шулатты деп жүргізушінің үстінен арыз дайындап бауырын барынша жақтауда. Тіпті, облыстық полиция департаменті де істі әріптестерін зардап шегуші деп қарауда екен.
«Жол апатындағы куәгерлер мен жол апатына қатысушылардан сұрақ жауап алынды. Дегенмен тағы да куәгер болатын болса, ол міндетті түрде тексеріледі. Және назарға алынатын болады», – дейді Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Серік Упиев.
Ал, жалғыз асыраушысынан айырылған Эльмира Пірәлиева шындыққа жетпей қоймаймын дейді. Тәртіп сақшысының тәртіпті бұзып бостандықта тайраңдауына жол бермеймін деп бекініп отыр.