"Жертөледе 3 сағат ұстап, ұрып-соққан": Шымкентте колледж директорының орынбасары студенттерді соққыға жықты деп айыпталды
Шымкенттегі колледждердің бірінде үлкен жанжал шықты. Екі студент директордың орынбасары соққыға жыққанын айтып, шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Студенттердің айтуынша, директордың орынбасары оларды әлеуметтік желіде орынсыз пікір үшін соққыға жыққан. Зардап шеккендердің бірі қазір миы шайқалып ауруханада жатыр. Ата-аналар құқық бұзушының қатаң жазалануын талап етіп отыр.
17 жастағы Абдуғафар аяғына әрең тұрған. Оның бетінде қатты ісік пен сызаттары бар. Оның сөзінше, досы екеуін үш сағаттан астам жертөледе ұстап, ұрып-соққан.
"Олар бетім мен денемді ұрып-соғып, басымнан тепті. Бүкіл денемде көгерген жерлер мен сызаттар бар. Олар бізді балағаттап, арыз жазсақ, бәрібір бізді тауып алып, әділдік орнататынын айтып, қорқытты”, – дейді жәріленуші Абдуғафар Ерсалиев.
Жәбірленушілердің сөзінше, TikTok желісіне колледждің бас оқытушысы видео жариялаған. Ал студент жігіттер ол видеоға пікір білдірген. Олардың пікірі мұғалімге ұнамай, екеуін жеке шақырып, колледждің жертөлесіне апарып, соққыға жыққан. Бас оқытушы жалғыз емес, жанында бірнеше дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері мен жоғары курс студенттері де болған.
“Бірінші жанжалды Қазыбек аға бастады. Досымның денесіндегі көгерген жерлердің бәрі соның соққысынан болған. Жоғары курс студенттері бізді жай қорқытты. Арасында бір ғана студент бізді ұрып-соқты”, – деді жәбірленуші Константин Зорин.
Балаларының зәбір көргенін білген ата-ана бірден колледжге жетіп, жанжал шығарған. Олар еденнен жуылған қан іздерін тауып, балаларының киімдері қанға боялғанын көрген. Сондай-ақ мұғалімнің қолынан соққы ізін байқадық дейді. Алайда шабуыл жасады деп айыпталған мұғалім бәрін жоққа шығарып отыр. Оның сөзінше, студенттерді жоғары курс студенттері соққыға жыққан.
“Жоқ, ұрған жоқпын. Ешқандай дәлел жоқ. Аулада жұмыс істеп жүріп қолымды жарақаттап алдым. Мен жоғары курс студенттерінен: "Сендер Костя мен Гафурды ұрдыңдар ма?" деп сұрадым. Олар ұрғанын айтты. Жердегі қанды басқа мұғалімдер көрмесін деп жуып тастадық”, – деді “Парасат” колледжі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Қазыбек Ержанов.
Алайда ашуланған ата-ана оған сенбей, полицияға арыз жазған.
“Кінәлі адамның түрмеге түскенін қалаймын. Балам бүйрегі мен бауырынан үш жарым сағат бойы соққы алған. Бетінен соққы берген. Олар осының бәрі үшін жауап береді”, – деді ата-аналардың бірі.
Соққыға ұшыраған студенттердің бірі қазір миы шайқалып ауруханада жатыр. Ата-аналар болса, оқу орны қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмағандықтан, балаларының колледжде оқуын жалғастырмайтынын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде мектеп ауласында футбол ойнап жүрген жоғары сынып оқушыларын колледж студенттері пышақтап кеткені туралы жазған едік.