Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Буғалтыр, пизкультуре, жертатақ": Желі қолданушылары қазақ тілін үйрететін кітап авторының аудармаларына шүйлікті

Flip.kz-тегі қазақша қате аудармаларФото: Oohkanatova желідегі парақшасынан

Flip.kz сайтында Қайрат Бекзаттың кітабындағы "жертатақ", "пәмілдәр", "ләмпә" сияқты аудармалар желі қолданушыларының ашуын туғызды. Көпшілік мұны қазақ тіліне құрметсіздік әрі күлкілі аударма деп айтып жатыр. Stan.kz ақпарат білім мазмұнын сараптау орталығынан неліктен мұндай олқылық кеткенін сұрадық. 

Күні кеше Oohkanatova есімді желі қолданушысы Flip.kz платформасынан тапқан ерекше бір кітаптың аудармасына қатысты пікір білдіріп, жұртты бір күлдіріп, бір мұңайтты.

“Кездейсоқ Flip.kz сайтындағы мынаған тап болдым. Күлкің де келеді, ашуың да ұстайды. Автор, сіз өзі "пизкультураға" қатысқан адамсыз ба?” – деп ызаланды оқырман.

Оның айтуынша, қазақ тіліне аударылған нұсқадағы мәтін мүлде сауатсыз әрі мағынасыз көрінеді.

Бұлардың қатарында "пәлкеунік – полковник", "партық – фартук", "доқтыр – доктор", "пельшер – фельдшер", "кәртошка – картофель", "пәмілдәр – помидор", "перми – ферма", "буғалтыр – бухгалтер", "керәсін – керосин", "ләмпә – лампа", "ләпке – лавка", "нәсіелке – носилки", "физкультуре – физкультура", "шақмат – шахматы" деген қате аударылған сөздер бар.

Мысалы, "доқтыр" сөзі қазақ тілінің нормасына сай "дәрігер" деп жазылса, "буғалтыр" деген сөз "есепші" болып жазылады. Ал "шахмат сөзі халықаралық норма бойынша осылай жазыла береді. 

Көпшілік бұл жазбадан кейін аталған кітаптың қазақ тілді нұсқасын іздеп, суреттерін бөлісіп, аударма сапасын қызу талқылап жатыр.

"Мемлекеттік тіл мәртебесіне нұқсан келіп отыр. Алдымен баспалардағы шығаруға қол қойған тұлғалар мен арнайы авторлық лицензиялау жүргізген құзыретті мекемелерді жауапқа тарту керек. Ұлттық сөздігі бар және мағыналас сөздердің жазылу ережесі де бар, бұл тек тіл қолданысындағы ауызекі аударма десек те, тілге жасалған қастандық", "Бұл қазақ тілін мазақ ету! Мұндай сауатсыз жазған авторды жауапқа тарту керек. Масқара! Сұмдық!", "Не шегіп алған өзі? "Жертатағы" дегені не тағы? Бұлар қайдан шыға береді өзі? Сұрақ көп, жауап жоқ...", "Бүкіл мәтін шала қазақшаға көбірек ұқсайды", – деп желі қолданушылары ашуланды.

Мұндай оғаш аудармаға қатысты республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы редакция сауалына жауап берді.

"Қайрат Бекзаттың "Казахский язык без репетитора" атты кітабы ресейлік AST баспа үйінен жарық көрген. Орталық мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары мен үлгілік оқу бағдарламаларына сәйкес әзірленген оқулықтар мен оқу– әдістемелік кешендерге сараптама жүргізеді. Сонымен қатар қосымша оқу құралдарына, оның ішінде өзін– өзі оқыту құралдарына да Орталық тарапынан белгіленген тәртіппен сараптамадан өтеді. Алайда Қайрат Бекзаттың жоғарыда аталған басылымы Орталыққа сараптамаға ұсынылмаған және мемлекеттік сараптамадан өтпеген", – деп жауап берді сараптау орталығы.

Сонымен қатар Flip.kz кітаптағы қателер үшін кешірім сұрады.

“Flip.kz тек сату алаңы ретінде қызмет етеді. Біз кітаптарды тікелей баспалардан аламыз, ал баспа үйлері басылымның сапасы мен аудармасына жауапты. Сіздің ескертпеңіз баспаға жолданды және бұл қателерді мүмкіндігінше тез түзетеді деп үміттенеміз. Заң жүзінде тыйым салынса ғана сатылымға шектеу қойылады”, – деді Flip.kz сайты.
Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 30 Маусым, 2025 18:26
Талқылау